Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Алматыда шаңғы маусымы басталды

Бөлісу:
 “Шымбұлақ” тау курорты
Фото: “Шымбұлақ” тау курорты

6 желтоқсанда Shymbulak тау курорты қысқы маусымды ресми түрде ашып, мыңдаған қонақты қабылдады. Күні бойы курорттың бес түрлі алаңында концерттер, сырғанау жолдарында спорттық және мерекелік шаралар өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Таңертең базалық станцияда қонақтар үшін DJ-лер, Stradivari квартеті, би ұжымдары өнер көрсетіп, бүкіл отбасы мүшесіне арналған интерактивті бағдарламалар ұйымдастырылды. Күндізгі бағдарламаның хедлайнері – қазақстандық инди-музыкант Dudeontheguitar. Ол жаңа альбомынан композициялар мен танымал әндерін орындады.

Басқа локациялар да мерекелік көңіл күйге бөленді:

– Медеудегі алаңда Red Bull ұсынған DJ-сеттер ойнады;

– Талғар асуында музыкалық және ойын-сауық бағдарламалар өтті;

– Мұз айдынында жаппай сырғанау мен мәнерлеп сырғанаушылардың арнайы қойылымы ұйымдастырылды;

– Орта станцияда алғашқы Shymba Après Ski өтті.

Биыл Shymbulak шаңғы тебуден кейінгі еркін әңгімелесу мен демалыс форматындағы күндізгі après-ski дәстүрін бастады. Shymba Après Ski шарасын Elevation және Vihod промо-командалары бірлесіп өткізді. Қонақтар қала панорамасын, заманауи музыканы және ашық тау-шаңғы қауымдастығының атмосферасын тамашалады. Енді Shymba Après Ski әр сенбі сайын Le Mont алаңында өтеді.

Қазір Shymbulak курортында "Талғар", "Жасыл қайың", "Ақ аю" және "Ақ барыс" сырғанау жолдары ашық. Аяз тұрақтанған соң қосымша жолдар да іске қосылады. Сондай-ақ Талғар асуындағы түнгі сырғанау маусымы басталды.

"Әр маусымды біз курортымызды қауіпсіз сырғанауға және демалуға мұқият дайындаудан бастаймыз. Техникалық мамандар арқанжолдарға толық диагностика жүргізіп, жабдықтың біразын жаңартты. Биыл қонақтар жалға алу аймақтарының кеңейгенін және қызмет көрсету мамандарының жұмысы жақсарғанын бірден байқады. Біздің мамандар беткейлерді сырғанауға әзірлеуді жалғастырып жатыр, ал тұрақты аяз орнаған соң тағы да бірнеше жол ашылады. Қонақтарымыздың өздерін беткейлерде сенімді әрі қауіпсіз сезінуі біз үшін өте маңызды", – деді Chimbulak Development компаниясының басқарушы директоры Нұрлан Сейтқазин.

"Шымбұлақ" курорты маусымның ашылу күніндегі жылы атмосфера үшін барлық қонақтарға алғыс айтады. Алда қонақтарды бес айлық сырғанау, жарқын оқиғалар мен ұмытылмас әсерлер күтіп тұр.

Өзгелердің жаңалығы