Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Осы жылдың І тоқсанында Алматыда 138 өрт тіркелген, 3 адам құтқарылды, қауіпті аймақтан 58 адам шығарылды, 1 адам қаза тапты. Бұл туралы Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, өртке қарсы қызметтің генерал-майоры Серік Әубәкіров брифинг барысында айтты.
Оның айтуынша, карантин кезінде Алматыда қылмыс деңгейі төмендегенімен, төтенше жағдайлар азаймай тұр. Осы жылдың І тоқсанында өрт деңгейі бір жағдайға ғана кеміген.
І тоқсанда 138 өрт тіркелген, бұл іс жүзінде қалада күн сайын өрт болып тұрады деген сөз. Осы аралықта 3 адам құтқарылды, қауіпті аймақтан 58 адам шығарылды, 1 адам қаза тапты. Сондықтан Алматы телеарналары арқылы өрт қауіпсіздігін сақтауды күн сайын ескертіп жатырмыз, - дейді ол.
Сондай-ақ, ол күн жылынғалы құрғақ шөптер мен қоқыстар өртеніп жатқанын айтты. 1 ақпаннан бастап құрғақшылықтан 138 өрт болған, олардың жалпы аумағы 21 гектарды құрайды.
Бұл өткен жылға қарағанда 13 пайызға жоғары. Өрт әсіресе Түркісіб, Алатау және Медеу аудандарында болып тұрады. Осыған байланысты 31 наурыз күні Алматы әкімдігінде ТЖ бойынша ескерту комиссиясының жиыны өтті. Онда өрттің алдын алу бойынша ескерту жасау мәселесі көтеріліп, осы бағытта барлық қызметтерге тапсырма берілді, - деді ТЖД басшысы.
Өртке қарсы дайындықты арттыру үшін ТЖД-да табиғи өртті сөндіру бойынша жедел отряд құрылыпты. Далада өрт бола қалған кезде департамент жеке құрамнан 300-ден аса адамды және 23 техниканы тартуға дайын, сондай-ақ 500 қапшықтағы өрт сөндіргіш, 500 күрек және 156 жарылғыштар бар. Іле-Алатау МҰТП балансында 6 өрт мұнарасы, 1 өрт сөндіру көлігі, 4 мотор сорғысы, 88 қапшықтағы өрт сөндіргіш, 1263 жарылғыш, 106 балта, 322 күрек бар.
Өртті сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін Алматы қаласы әкімдігі 109 Құтқару қызметінің және ҚР ІІМ ТЖК "Қазавиақұтқару" АҚ-ның тікұшақтары қатысады. Таулы-орманды жерлерде өрттердің алдын алу үшін жыл сайын жергілікті полициямен бірлесіп патрульдеу жүргізіледі. Өткен жылы 400-ден астам от жағу жағдайына тыйым салынды, 35 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - дейді Серік Әубәкіров.
Брифинг барысында ТЖД басшысы жеке тұрғын үй секторының тұрғындарына көктем-жаз маусымына дайындық кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын ескеру керектігін айтты.
Бау-бақшадағы құрғақ шөптер, жапырақтар мен қоқыстарды жағу көбінесе ғимараттарда өрттің пайда болуына әкеледі. Кінәлі адамдар әкімшілік жауапкершілікке, ал ауыр зардаптар туындаған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылады, - деді ол.