Алматыда қыста коньки тебуге арналған 19 мұз айдыны ашылады

Қалалық Спорт басқармасының мәліметінше, сырғанау алаңдары саябақтарда, спорт кешендерінің жанында, сауда орталықтары мен тұрғын алаптарда жабдықталады.

 Алматы әкімдігі 20 Қараша 2026, 23:57
20 Қараша 2026, 23:57
144
Фото: Алматы әкімдігі
Алматыда биыл 19 ашық мұз айдыны жұмыс істейді. Оның бесеуі алғаш рет ашылады..

Алматыда 2026–2027 жылғы қысқы маусымда тұрғындар мен қала қонақтарына арналған 19 ашық мұз айдыны ашылады. Оның 12-сіне кіру тегін болады. Мұз алаңдары қаланың барлық сегіз ауданында орналасады.

Қалалық Спорт басқармасының мәліметінше, сырғанау алаңдары саябақтарда, спорт кешендерінің жанында, сауда орталықтары мен тұрғын алаптарда жабдықталады. Мұз айдындарының жалпы аумағы 20 мың шаршы метрден асады.

Биыл алматылықтар үшін бес жаңа тегін мұз айдыны алғаш рет ашылмақ. Олар Flow Park аумағында, Алматы ипподромында, Шұғыла шағынауданындағы №221 мектептің жанында, Сәкен Сейфуллин атындағы саябақта және "Сұңқар" шаңғымен тұғырдан секіру кешенінде орналасады.

Мұз айдындары мына орындарда ашылады:

- Алатау ауданы: "Алматы Арена" аумағы;

- Алмалы ауданы: ҚБТУ аумағы;

- Әуезов ауданы: Family Park;

- Бостандық ауданы: Ганди көшесіндегі Тұңғыш Президент қорының саябағы, Flow Park, "Сұңқар" кешені, Esentai Mall, Villa Boutiques & Restaurants және MEGA Alma-Ata;

- Жетісу ауданы: Алматы ипподромы, Көкжиек шағынауданындағы Kokjiek Garden;

- Медеу ауданы: "Терренкур" саябағы, "Халық Арена", 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағы, Dostyk Plaza, Haragun ат клубы және Орталық мәдениет және демалыс саябағы;

- Наурызбай ауданы: Шұғыла шағынауданындағы №221 мектеп аумағы;

- Түрксіб ауданы: Сәкен Сейфуллин атындағы саябақ.

Мұз айдындарын желтоқсан айында іске қосу көзделген. Алайда нақты ашылатын күн ауа райына байланысты анықталады.

Тегін мұз айдындарының жұмыс уақыты

Тегін алаңдар күн сайын сағат 10:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Келушілер үшін күніне төрт сырғанау сеансы ұйымдастырылады. Әр сеанс 2,5 сағатқа созылады:

- 10:00–12:30;

- 13:30–16:00;

- 17:00–19:30;

- 20:30–23:00.

Сеанстар арасындағы үзілістерде мұз қабаты келесі келушілерге дайындалады.

Тұрғындар мұз айдындарына өз конькилерін алып келе алады немесе сол жерде ақылы жалға алу қызметін пайдаланады. Конькиді жалға алу бағасын қызмет көрсетуші ұйымдар өздері белгілейді.

Наверх