Алматыда «Қоныс аудару қоры» жұмысын бастайды

1 Сәуір 2023, 00:46
844
Бөлісу:
Алматыда «Қоныс аудару қоры» жұмысын бастайды
Фото: 24.kz

Алматыда «Қоныс аудару қоры» жұмысын бастайды. Жаңа жоба бұған дейін қолға алынған, ескі үйлерді бұзып, орнына жаңа баспана салуды көздейтін реновация бағдарламасына тың серпін беруге тиіс, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қор есебінен ескі үйдің тұрғындарына жаңа пәтерлер сатып алынады. Алматыда 1400-ге жуық үйдің тозығы жеткен. Олардың көбі өткен ғасырдың басында салынған. Басым бөлігі екі қабатты және қамысты каркастан тұрғызылған. Арасында кірпішпен қаланғандарыда бар. Қала әкімдігінің мәліметінше, ескірген үйлердің дені Түрксіб, Жетісу аудандарында орналасқан. Толстой мен Чернышевский көшелерінің тұрғындарының біразы ескі пәтерлерін ауыстыруға келісім берген.

«Қоныс аудару қорының» мақсаты да ескі пәтерді жаңасына ауыстыру жұмысын жылдамдату. Әуелі қордағы ақша есебінен баспана сатып алып, сол жерге бұзылатын үйлердің тұрғындары көшіріледі. Тек содан кейін ғана апатты үйлер сүріледі. Осы шаралардың барлығы тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін жасалмақ.

Ескі үйлерде көбінесе бір және екі бөлмелі пәтерлер бар. 10 пайызға жуығы ғана үш бөлмелі. Жаңа пәтер де сол бөлме санына сай беріледі. Сондай-ақ, біз жаңа пәтерлерді бұрынғы тұрған үйлеріне жақын жерлерден сатып аламыз. Тұрғындар біз ұсынған пәтерлердің біреуін таңдай алады, - дейді қалалық капиталдық құрылыс кәсіпорнының басқарма төрағасы Руслан Қадесов.

Айта кетейік, жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа биыл 800 пәтер сатып алынбақ. 2024 жылы тағы 700-ге жуық пәтерге қаражат қарастырылған. Жоспар бойынша 2030 жылға дейін 700-ден астам ескі үй сүріледі.

Өзгелердің жаңалығы