Алматыда қоғамдық көлік тапшылығы қашан шешіледі

22 Маусым 2023, 14:37
683
Бөлісу:
Алматыда қоғамдық көлік тапшылығы қашан шешіледі
Фото: ОКҚ

2025 жылдан кейін Алматы көшелерінде дизель отынымен жүретін автобустар қалмайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Алматы жұртшылығымен кездесуінде ескірген және экологиялық жағынан көп залал келтіретін көлік түрлерінен бас тарту керек екенін айтқан болатын. 2025 жылдан кейін Алматы көшелерінде дизель отынымен жүретін автобустар қалмауы керек, яғни оның орнына газбен жүретін және электр қозғалтқышы бар қоғамдық көліктер қатынайды. Былтыр бюджет қаражатына 550-ден астам автобус сатып алынды. Биыл «Қоғамдық көлікті экологияландыру үшін газбен жүретін 600 жаңа автобус және коммуналдық парк үшін 100 троллейбус сатып алынады, 100 автобус биыл шілдеде (қалған 500 автобус және 100 троллейбус биыл желтоқсанда) алынады, – дейді Ерболат Досаев.

Қала әкімі тасымалдаушы-компаниялардың кесірінен автобустардың әлі жаңармай отырғанын атап өтті.

Қалада 25 автобуспен тасымалдаушы-компания бар. Оның біреуі ғана («Алматыэлектротранс» ЖШС) мемлекеттік, қалған 24-і – жекеменшік. Олардың басым көпшілігі автобустарды жаңартуға, тазалығын қадағалауға салғырт қарайды. Қоғамдық көліктердің жүру жиілігінің сақталмауына, басқа да шағымдар үшін де сол кісілер жауапты. Тұрғындар да осы мәселелерді айтып, әлеуметтік желілерде шағымданып жатады. Сол себепті кім автобустарының санын көбейтеді, соған мемлекет тарапынан субсидия беріледі, – дейді шаһар басшысы.

Өзгелердің жаңалығы