Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта Қазақстан Халық партиясының ұйымдастыруымен «Мәңгілік классика» атты акция өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Акция барысында саябақта ішекті аспаптар квартеті әлемдік классикалық шығармаларды орындап, әсем әуен қала тұрғындарымен еркін пікір алмасуға және өзекті әлеуметтік мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.
Шара барысында ҚХП төрағасының орынбасары Бейбіт Құсайынов сөз алды.
“Мәңгілік классика” - бұл жай ғана атау емес. Бұл тақырыптың артында үлкен мағына жатыр. Себебі классикалық музыка уақыт сынынан өтіп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатыр. Сол секілді өзіндік тарихы бар ҚХП қарапайым халықтың мүддесін қорғау үшін, әл-ауқатын түзеу үшін сайлауға қатысуға шықты. Бүгін классикалық өлеңге құрмет көрсетіп қана қоймай, мәдениет пен руханиятты дәріптеу күні. Сондықтан өнер, мәдениет - халықты біріктіретін күш, - дейді Бейбіт Құсайынов.
Ол партия бағдарламасын көптеген сарапшы, партияның және команда мүшелері бірлесіп әзірлегенін айтады.
Өзімнің ғана емес, халықтың игілігі үшін өмір сүріп, еңбек еткім келеді. Мұның несі жаман? Өз қамыңды ғана емес, еліңнің ертеңін ойлау - әр азаматтың парызы деп ойлаймын. Мені толғандыратын мәселе өте көп. Әйелдің саясаттағы орны ерекше. Себебі әйел - мейірім, қамқорлық, тәртіп пен тазалық. Елімізде отбасы институты, ана мен бала, сапалы білім мен мәдениетке, қауіпсіздік пен халықтың өмір сүру сапасына көбірек көңіл бөлінгенін қалаймын. Бұл жолға атақ үшін келген жоқпын. Балаларымыздың болашағына бей-жай қарай алмағандықтан, еліміздің ертеңіне өз үлесімді қосқым келгендіктен қосылдым, - дейді Аша Матай.
Сонымен қатар партияның ақпараттық алаңы жұмыс істеп, тұрғындармен тікелей кездесу ұйымдастырылды. Қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша еркін форматта ой бөлісті.