Алматыда қай аудандарда құрғақ шөп жиі өртенетіні айтылды

26 Сәуір 2022, 12:43
1287
Бөлісу:
Алматыда қай аудандарда құрғақ шөп жиі өртенетіні айтылды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда жалпы алаңы 2,5 га құрайтын құрғақ өсімдіктердің 48 өрті тіркелді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 50%-ға аз. Бұл туралы Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Самат Асаинов ОКҚ алаңында өткен брифингте айтты.

Оның айтуынша, құрғақ шөптің жануы әсіресе Алатау Медеу, Түрксіб және Наурызбай аудандарында жиі орын алады. Өрттердің шығуына тұрғындардың отқа абайсыз қарауы және өткен жылдың күзінен бері шабылмай қалған өсімдіктердің құрғақ болуы себеп болған.

Осы мақсатта департамент аудандық әкімдіктермен бірлесіп құрғақ өсімдіктерді шабу және минералданған белдеулерді құру бойынша жұмыстар жүргізу қажет учаскелерді анықтаған.

Табиғи өрттерді жедел сөндіру мақсатында департаментте табиғи өрттерді сөндіру бойынша шұғыл ден қоюдың жиынтық жасағы құрылды. Табиғи өрттің туындағаны туралы шақырту келіп түскен кезде департаменттің күштері мен құралдары №2 жоғары деңгейдегі шақырту бойынша жіберіледі. Өртті сөндіруге және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге жауынгерлік әзірлікте Алматы қаласы әкімдігінің құтқару қызметінің авиациялық бөлімшелері, «Қазавиақұтқару» АҚ және «Қазавиаорманқорғау» РМҚК бар,-деді ол.

Таулы-орманды жерлерде өрттің алдын алу мақсатында департамент Орман шаруашылығы мекемелерімен және ЖПҚ бірлесіп, дауыс зорайтқыш және тепловизор құрылғысы бар «дронды» қолдана отырып, бірлескен рейдтік іс-шаралар бастаған.

Өткен жылы 148-ден астам рейд жүргізілді, оның барысында 35 мыңнан астам жадынама табыс етілді, 242 от жағудың жолы кесілді, ЖПҚ және орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлері 216 жеке тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартты,-деді Асаинов.

Сонымен қатар ол демалушылардың назарына Алмаарасан шатқалының аумағында,  Үлкен Алматы, Казачка өзендерінің бойында ыстық тамақ дайындау үшін арнайы жабдықталған орындар бар екенін хабарлады.
 

Өзгелердің жаңалығы