Алматыда кеше түнде қатты дауыл соғып, 28 ағаш құлап, 3 тұрғын үйдің шатыры бүлінді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Дауыл салдарын жою үшін 42 жедел бригада жұмыс істеген.

Түнгі уақытта 376 арнайы техника бірлігі жұмылдырылды, оның ішінде 255 — "Алматы Тазалық" "ШМК-на, 121 — жеке мердігер ұйымдарға тиесілі. Сондай-ақ 395 жол жұмысшысы жұмыс істеді. Қорда 27 мотопомпа мен 1600 құм қабы бар. Жергілікті су басулардың алдын алу және оларды жою үшін қажетті құралдармен жабдықталған 42 жедел бригада жұмыс жүргізді. Ауа райының қолайсыздығынан 28 ағаш құлады, 3 тұрғын үйдің шатыры зақымданды және құрылыс қоршауының құлауы тіркелді. Қазіргі уақытта апат салдарын жою жұмыстары жүргізілді. Оқиға орнында аудандық әкімдіктер мен ТЖД кезекші бригадалары жұмыс істеді,- деді Алматы қаласының әкімдігі.

"Қазгидромет" ауа райы болжамы
Алдағы күндері Алматыда ауа райы тұрақталуы мүмкін. "Қазгидромет" РМК-ның мәліметінше:
• 8 сәуір: Күн бұлтты, жауын-шашын болмайды. Күндіз ауа температурасы +21…+23°С.
• 9 сәуір: Күн бұлтты, жауын-шашынсыз. Жел солтүстік-батыстан соғып, жылдамдығы 13 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Күндіз +23…+25°С, түнде +8…+10°С.
• 10 сәуір: Бұлтты, жауын-шашынсыз. Жел шығысқа ауысып, жылдамдығы 13 м/с-қа жетеді. Күндіз +18…+20°С, түнде +8…+10°С.

Қала тұрғындарына дауылдан кейінгі қауіпсіздік шараларын сақтау ұсынылады. Әсіресе құлаған ағаштар немесе зақымдалған құрылымдарға жақындамау, мүмкіндігінше абай болу қажет.