Алматыда қарасора егілген жер дронның көмегімен анықталды

28 Тамыз 2023, 12:04
866
Бөлісу:
Алматыда қарасора егілген жер дронның көмегімен анықталды
Фото: BAQ.KZ - архив

Алматы облысында дрондардың көмегімен құрамында есірткі бар қарасора егілген плантация анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен апталық баспасөз мәслихатында ведомствоның өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді.

Оның айтуынша, өңірде есірткі өсімдіктерін жою бойынша ІІМ мен ҰҚК-нің бірлескен операциясы жалғасуда.

Алматы облысының Балқаш ауданында дрондардың көмегімен құрамында есірткі бар қарасора егілген плантация анықталды. Алматы қаласының тұрғыны шалғайдағы бір гектар жерде «үнді» қарасорасын өсіргені белгілі болды. Плантацияны анықтағаннан кейін полицейлер бірден 5 тоннадан астам есірткі қарасорасын жойды. Есірткі өсімдіктерін жою бірнеше күнге созылды. Нәтижесінде өнімнің жалпы салмағы 10 тоннадан асты, - деп атап өтті министрлік өкілі.

Сонымен қатар ол қылмыскерлер көп жағдайда «үнді» қарасорасын оның жоғары есірткілік деңгейі мен бұтасының үлкен көлеміне байланысты таңдайтынын алға тартты.

Мұндай өсімдіктің сабағы 4 метрге жетіп, салмағы бір келіден асады. Бұл қылмысқа қатысы бар күдікті құрықталды. Оған қатысты құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіргені үшін Қылмыстық кодекстің 300-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жаза сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Осы факті бойынша тергеу жалғасып жатыр, - деді Шұғыла Тұрлыбек.

Өзгелердің жаңалығы