Алматыда өнер мен әдебиет қайраткерлері дауыс берді

20 Қараша 2022, 10:42
1133
Бөлісу:
Алматыда өнер мен әдебиет қайраткерлері дауыс берді
Фото: автордан Фото: Алматы қалалық ӨКҚ

Алматыда сайлау учаскелеріне ағылған адамдар қарасы көп. Соның ішінде мәдениет пен өнер, әдебиет саласында жүрген айтулы тұлғалар да президент сайлауында дауыс беріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай  Алматыдағы №301 сайлау учаскесінде дауыс берді. Ол бүгінгі сайлаудың ел тағдыры үшін өте маңызды екенін атап өтті.

«Бүгін біз Қазақстанда жеті жыл басқаратын президентті өз қолымызбен сайлап жатырмыз. Бұл шынтуайтына келгенде, тек қана келесі жеті жылдың тағдырын шешпейді. Қазақстанның жалпы бұдан кейінгі тағдырын шешуі әбден мүмкін», - деді жазушы.

Белгілі ақын Маралтай Райымбек болса №322 сайлау учаскісінде өз таңдауын жасады. Ол алматылықтардың белсенді түрде дауыс беріп жатқанын айта кетті.

«Бүгін отбасымызбен сайлау уаскесіне ертерек келуге тырыстық. Өз таңдауымызды жасап, ел тізгігін ұстайтын тұлғаға дауыс бердік. Біз әрқашан отбасымызбен ел тағдырын шешетін елеулі дүниелерге атсалысып келеміз. Бұл жолғы сайлаудың да жөні бөлек, бұрынғысынан өзгерек. Сол себепті сайлау әділ өтіп жатыр деп айта аламыз. Алматы әрқашан ел тағдырында маңызды орында тұрады. Сайлаушылардың қатары бозғылтаңнан бастап белсенді. Сайлауға келушілер қатары көп. Ел-жұрт өз таңдауын жасап жатыр. Мұндай белсенділік қуантпай қоймайды. Заман да, уақыт та өзеріп жатыр. Әркім сайлауда дауысы маңызды екенін біледі әрі жауапкершіліктерін сезінеді», – деді ол.

Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаева Әли Оқаповпен бірге №17 жалпы білім беретін мектеп-интернаттағы №387 сайлау учаскесінде дауыс берді.

«Бүгін біз Қазақстан Республикасының азаматтары ретінде №387 учаскеcіне ұлым Әлимен бірге мықты әрі әділ Қазақстан үшін дауыс бердік. Еліміздің ары қарай өркендеуі жолында барлығымыз азаматтық белсенділігімізді танытқанымыз жөн, өйткені ел болашағы өз қолымызда», - деді Роза Рымбаева.

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Сұлушаш Нұрмағамбетова №106 жалпы білім беретін мектептегі №474 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.

Алматыда атақты композитор, әнші Ескендір Хасанғалиевтің ұлы Біржан Хасанғалиев №65 сайлау учаскесінде дауыс берді. Ол дауыс беру әр азаматтың борышы екенін айтып, барша қазақстандықты саяси науқанға белсенді қатысуға шақырады.

«Құрметті қазақстандықтар! Президент сайлауы - біздің еліміз үшін өте маңызды саяси іс-шара. Бүгін мен де 65-ші учаскеге барып, дауысымды бердім, таңдауымды жасадым. Сіздерді де өзіңіздің азаматтық борышыңызды атқаруға шақырамын. Бәріміз сайлаудан қалмайық», - деді әнші.

Алматыда қоғам қайраткері, ақын Ринат Зайытов «Алатау» дәстүрлі өнер театрында орналасқан № 545 сайлау учаскесіне дауыс берді. Ол азаматтардың бұл күннің маңызын түсінетінін айтып, л болашағына әр адамның даусы әсер ететіні сөзсіз екенін атап өтті. 

«Мария Магдалена»  әнімен танылған әнші Асхат Тарғын «Мамыр» шағын ауданындағы №554 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.

Айта кеткен жөн, Алматыда 600 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Қалада 1 миллион 176 мыңнан астам адам дауыс бере алады. Ал тұрғылықты тіркеуі жоқ азаматтар үшін 55 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді.

Өзгелердің жаңалығы