Алматыда Наурыз қалай тойланады?

16 Наурыз 2023, 20:53
2507
Бөлісу:
Алматыда Наурыз қалай тойланады?
Фото: almatydc.kz

Алматыда Наурыз мейрамына орай көптеген мерекелік іс-шаралар өтеді, деп хабарлайды, Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Әсем қала Алматыда Наурыз мейрамын тойлау  14 наурыздан басталып кетті. «Көрісу күні» Көктөбе саябағының аумағында арнайы концерт ұйымдастырылды. Дегенмен, Азия халықтарының жаңа жылын мерекелеуге арналған негізгі іс-шаралар 21 наурызда таңғы сағат 10:00-де мерекелік шеруден басталады. Шеру Алматы қаласының орталық көшелері – Абай және Абылай хан даңғылының бойымен өтіп, Төле би көшесіне дейін барады. Іс-шараға барлығы 500 адам қатысады деп жоспарланған.

Сондай-ақ Наурыз мейрамына орай мегаполистің әр аумағында қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік іс-шаралар өтеді:

21 наурыз күні сағат 11:00-де «Астана» алаңында «Наурыз-думан» гала-концерті өтеді. Артистер сахнада ұлттық және әлемдік музыкалық шығармаларды орындап, актерлердің және балалар ұжымының қатысуымен театрландырылған музыкалық қойылым көрсетіледі.

22 наурыз күні сағат 17:00-де «Астана» алаңында жас орындаушылардың қатысуымен Zhuldyzdy Almaty концерті өтеді.

21-22 наурыздағы мерекелік іс-шаралар кезінде қала тұрғындары мен қонақтарына барлығы 60 тонна наурыз көже мен бауырсақ таратылатын болады.

18-24 наурыз аралығында Панфилов және Жібек Жолы көшелерінде «Наурыз Fest» іс-шарасы өтеді. Бұл күндері суретшілер мен қолөнершілердің көрмесі ұйымдастырылып, келушілер кілем тоқу, жібек пен керамиканы бояу, асыл тастарды кесу, былғарымен, ағашпен, шыны және сазбен жұмыс істеу технологиясымен таныса алады. Іс-шара аясында аниматорлардың қойылымы, халықтық караоке, би флешмобы, конкурстар, эстрада жұлдыздарының қатысуымен жанды дауыстағы концерт, сыйлықтардың ұтыс ойындары және басқа да шаралар өткізу жоспарлануда.

Абылай хан даңғылының аумағында балалар алаңы орналасады. Бұл алаңда аниматорлар, цирк әртістері, қуыршақ театрының актерлері өнер көрсетеді және Мұрат Мұтырғановтың шоуы мен халық ертегілері кейіпкерінің қуыршақтар қойылымы болады. Сондай-ақ, бұл алаңда ойын фигуралары орнатылып, танымдық бағдарламалар, отбасылық және балалар ойыны, эстафета өтеді.

Арбалардағы 10 арнайы сөреде және шатырда қолөнершілер жәрмеңкесі мен қолданбалы өнер көрмелері ұйымдастырылады.

Төле би көшесінің бойында Панфилов көшесінен Назарбаев даңғылына дейінгі аралықта спорт аймағы орналасатын болады. Мұнда «Асық ату», «Жамбы ату», «Арқан тарту», «Қол күрес», «Қазақша күрес», «Көкпар тарту», «Тоғыз құмалақ» спорттық-ойын-сауық ұлттық жарыстарын өткізу жоспарланған.

«Алатау» дәстүрлі өнер театрының аумағында 21-23 наурыз аралығында әртістердің өнерін және «Наурыз-думан» театрландырылған спектаклін көрсету үшін арнайы сахна орнатылып, этноқалашық ұйымдастырылады. Мұнда қолөнершілердің көрмесі, шеберлік сыныптары, флэшмобтар, қуыршақтар шеруі, спорттық жарыстар өтеді.

Сонымен қатар, дәстүрлі түрде қаланың барлық аудандарында 14-24 наурыз аралығында сағат 17:00-ден 20:00-ге дейін мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, сахнада қазақ музыкалық фольклорының үздік шығармасы орындалады.

Өзгелердің жаңалығы