Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, ақын Мұхтар Шахановтың 80 жылдық мерейтойына орай Ұлттық құндылықтар ассоциациясы «Жігерлендіру» атты форум өткізді.
Жиын барысында Шаханов ертеректе көтерген әдеби, қоғамдық және саяси өзекті мәселелер сөз болды.
«Жігерлендіру» форумы «Шаханов және қазақ әдебиеті», «Ұлттық идеология» мен «Мәдениет» атты үш бөлікпен өтті. Тақырып бойынша спикерлер өзекті мәселелерді көтеріп оның шешімін ұсынды.
Жиын барысында ақын денсаулығына байланысты ем алып жүргенін, жақын арада Түркияға баратынын жеткізді.
Ақын, профессор Бауыржан Жақып бұл жиын ақын мерейтойының бастауы екенін айта келе, алдағы уақытта Жазушылар одағында ауқымда шара өтетінін жеткізді. Сонымен қатар сөз арасында ақын Мұхтар Шахановтың түрік әлеміндегі керемет беделіне куә болғанын айтып берді.
Бұған дейін Мұхаң өлеңдерім дүниежүзінің 68 тіліне аударылды деп айтатын, қазір одан да көп болуы керек. Түркияда Шыңғыс Айтматов ағамыздың шығармасына арналған үлкен фестиваль болды. Сонда түрік жұртшылығының Мұхтар Шахановтың поезиясына деген үлкен қызушылығына куә болдым. Жер-жерден түркі халықтарының өкілдері жиналды. Сол жиында Шыңғыс пен Мұхтар ағамыз қолтықтасып, Ата түріктің ескерткішіне гүл қоюға бара жатқан кезде түріктер көшенің бойында тұрып, үйінің балконына шығып тұрып қол соғып, құрмет көрсетіп тұрды. Бірі қырғыздың, бірі қазақтың атын әлемге танытқан екі алып,-деді Б. Жақып.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман ақын Мұхтар Шаханов ұлттық құндылық пен ана тіліміз үшін шырылдап жүрген жан екенін атап өтті.
Бүгінгі жиынның атының өзі ерекше, «жігерлендіру» дегеніміздің өзі Мұхаңның тұла бойында тұнып тұр. Ұлтына деген, жеріне деген жылылық, сүйіспеншілік бар. Мұхаңның бойындағыдай қайсарлық, білгірлік, ата-салт, даналық барлық қазақта болғанда, онда бұл Қазақстан бүгін Қазақ елі болып елді өзіне қарай ертіп кеткен болар еді,-деді ол.