Алматы қаласының Медеу ауданында тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы хабарлама бойынша полиция жедел әрекет етті.
102 арнасына хабарласқан әйел бірнеше күннен бері жұбайының ішімдік ішіп, агрессивті мінез көрсетіп, өзіне күш қолданғанын айтқан.
Оқиға орнына дереу жеткен полиция қызметкерлері ақпараттың рас екенін анықтады. Ер адам мас күйде болып, өзін агрессивті ұстаған. Тексеру барысында оның бұрын алған жарақатының ашылғаны белгілі болып, оқиға орнына жедел жәрдем шақырылды.
Алғашында ер адам пышақ жарақатын әйелі салғанын мәлімдеген. Алайда тексеру барысында бұл ақпарат расталмады. Кейін ол жарақатты бұған дейін басқа жағдайда алғанын мойындады.
Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ер адам полиция бөлімшесіне жеткізілді. Оған қатысты әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің қызметкерлері қорғау нұсқамасын шығарды.
Полиция тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты әрбір хабарлама мұқият қаралатынын атап өтті. Ведомство өкілдері мұндай жағдайларға дер кезінде әрекет ету ауыр зардаптардың алдын алуға мүмкіндік беретінін ескертіп, зорлық-зомбылыққа тап болған немесе осындай жағдайдың куәсі болған азаматтарды уақыт оздырмай 102 арнасына хабарласуға шақырды.