Алматыда «Инватаксиді» 2 мыңнан астам адам пайдаланады

31 Шілде 2023, 15:25
580
Бөлісу:
Алматыда «Инватаксиді» 2 мыңнан астам адам пайдаланады
Фото: Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі

Алматыда «Инватакси» қызметіне «Яндекс Такси» платформасы пилоттық режимде қосылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Жоба биылғы жылдың қыркүйегіне дейін екі ай ішінде пилоттық режимде жүзеге асады.

Заңнамалық деңгейде мүгедектігі бар адамдар, оның ішінде мүгедектігі бар балалар үшін «Инватакси» қызметтерін ұсыну бойынша кепілдіктер көзделген. Биылғы жылы инватакси қызметін ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 920 млн теңге бөлінді. Шілде айынан бастап ағымдағы жылдың соңына дейін 4 «Инватакси» қызметімен мемлекеттік сатып алу шарттары жасалды. Автомобильдер саны 64-тен 100 көлік құралына дейін ұлғайтылды (32 жабдықталған автокөлік және 68 жеңіл автокөлік, шығарылған жылы 2019 жылдан ерте емес). Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап қызмет алушыларға ыңғайлы болу үшін біз «Инватакси» қызметіне «Яндекс Такси» платформасын пилоттық режимде іске қостық. Қызмет көрсетушілер мен «Яндекс Такси» арасында қажетті шарттар жасалды. Айта кету керек, жыл сайын бұл қызметке қажеттілік артып келеді (2021 жылы 1462 мүгедек адам, оның ішінде 357 мүгедек бала. Ал 2022 жылы 1488 мүгедек адам, оның ішінде 632 мүгедек бала), – деді Бауыржан Жаубасов.

Еске салайық, «Инватакси» қызметін 2 мыңнан астам адам пайдаланады. Оның 800-і мүгедек балалар. Қызметті жеткізушілер үшін «Яндекс Такси» платформасында есептік жазбалар жасалды. Мүгедектігі бар адамдарды пилоттық жобаға қосу мүмкіндігі берілді.

Осы пилоттық жобаға қосылған мүгедектігі бар адамдар «Яндекс такси» қосымшасы арқылы қызметтерге тапсырыс беруді ыңғайлы уақытта «Яндекс Такси» қосымшасында арнайы әзірленген «INVA» тарифі арқылы дербес жүзеге асыра алады. Дегенмен, сапар санында шектеу болады. Мүгедектігі бар бір адам үшін күніне 2 сапардан аспайтын лимит белгіленген, – дейді Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Тең мүмкіндіктер бөлімінің басшысы Аманат Сұлтанғазиев.

Өзгелердің жаңалығы