Алматыда FAIO 2026 (Fizmat AI Olympiad) халықаралық жасанды интеллект және машиналық оқыту олимпиадасы қорытындыланды. Жарысқа 15 елден 118 оқушы қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.
Олимпиаданың іріктеу кезеңінде әлемнің 28 еліндегі 125-тен астам қаладан шамамен 1 500 оқушы бақ сынады. Нәтижесінде 49 команда финалға жолдама алып, оның 47-сі шешуші кезеңге қатысты.
Қатысушылар бағдарламалау, деректерді талдау, математика және машиналық оқыту бағыттары бойынша командалық тапсырмаларды орындады. Финал екі турдан тұрды.
Жарыс қорытындысы бойынша Гран-при Ресей құрамасына берілді. Бірінші орынды Ресейдің үш командасы иеленді. Екінші орын Қазақстан, Ресей, Таиланд және Кипр командалары қатысқан сегіз командаға бұйырды. Үшінші орын Қазақстан, Румыния, Ресей, Испания және Моңғолия құрамаларынан құралған 12 командаға берілді.
Олимпиаданың жалпы жүлде қоры 11 миллион теңгені құрады.
FAIO биыл үшінші рет ұйымдастырылды. 2024 жылы тек қазақстандық оқушылар қатысқан жарыс бүгінде халықаралық деңгейге көтерілген. Биылғы олимпиаданы «Республикалық физика-математика мектебі» КеАҚ SDU University базасында өткізді.