Алматыда екі жылда 70 мемориалдық тақта ашылған

15 Желтоқсан 2023, 11:20
2314
Бөлісу:
Алматыда екі жылда 70 мемориалдық тақта ашылған

Алматы қаласының тұрғындары ғимараттардың сыртында мемориалдық тақталардың тым көбейіп кеткеніне наразы, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың қала тұрғындарымен кездесулерінде алматылықтар тұрғын үйлер қасбетінде мемориалдық тақталардың көп орнатыла бастағанына шағымданған болатын. Осы ретте Алматы қаласының Мәдениет басқармасына eOtinish арқылы сауал жолдаған едік. Алматы қаласы Мәдениет басқармасының мәліметінше, 2022 жылы 37 мемориалдық тақта, ал 2023 жылғы 12 желтоқсандағы жағдай бойынша 33 тақта орнатылған.

Тұрғындардың айтуынша, көп қабаттың үйлердің сырты мазарға ұқсап кеткен. Себебі апта, ай сайын ашылатын мемориалдық тақталар көбейген. Бұлай кете берсе, үйдің қабырғасында орын қалмайды.

Мен елімізге белгілі тұлғардың есімі, өмір сүрген кезеңі жайлы жазылған тақталарға қарсы емеспін. Дегенмен тұрғын үйдің қабырғасына қаптатып ілуді дұрыс деп санамаймын. Біріншіден, тұрғын үйлер мазарға айналып барады. Қала көркін бұзады. Түнде балалар келе жатса, қорқады дейді. Себебі қатар-қатар ілінген тақтадағы адамдардың бейнесі ересектердің де үрейін ұшырады. Осы ретте ҚР еңбек сіңірген қайраткерлерге мемориалдық тақта арнап, белгілі тұлғалардың есімі жазылған кітапша секілді дүниеге аттарын жазу керек. Себебі жазулардың оқысаңыздар, қарапайым мұғалімдер мен 30-40 жыл жұмыс істеген адамдарға да қоя беретін болған. Бұрын апта немесе ай сайын тақта орнатпайтын, - дейді Гүлнар Сермекбай есімді қала тұрғыны.

Айта кеткен жөн, Алматы қаласы Мәдениет басқармасы ресми жауабында мемориалдық тақталардың тегін негізде орнатылатынын хабарлады.

Алматыда екі жылда 70 мемориалдық тақта ашылған

Алматы қаласы Мәдениет басқармасы сіздің мемориалдық тақтаға қатысты өтінішіңізді қарап, келесіні хабарлайды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 2 сәуірдегі No 77 бұйрығымен бекітілген Мемориалдық тақталар орнату қағидаларының 3-тармағына сәйкес, мемориалдық тақталар «Мемориалдық тақталарды орнатуға рұқсат беру» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына сәйкес, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары беретін рұқсаттар негізінде орнатылады, - делінген хатта.

Алматыда екі жылда 70 мемориалдық тақта ашылған

Мемориалдық тақталарды орнатудың тәртібі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 26 мамырдағы No149 бұйрығымен бекітілген «Мемориалдық тақталарды орнатуға рұқсат беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларында берілген. 

«Мемориалдық тақталарды орнатуға рұқсат беру» мемлекеттік қызметі шеңберінде 2022 жылы 37, ал 2023 жылғы 12 желтоқсандағы жағдай бойынша 33 мемлекеттік қызмет көрсетілді. «Мемориалдық тақталарды орнатуға рұқсат беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларының 2-қосымшасында берілген «Мемориалдық тақталарды орнатуға рұқсат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметке қойылатын негізгі талаптардың тізбесінің 6-тармағына сәйкес, мемлекеттік қызмет көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлем мөлшері және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсілдері тегін, - дейді Алматы қаласы Мәдениет басқармасынан.
 

Өзгелердің жаңалығы