Алматыда екі метро станциясының құрылысына 22 млрд теңге бөлінеді

5 Қараша 2019, 14:46
1890
Бөлісу:
Алматыда екі метро станциясының құрылысына 22 млрд теңге бөлінеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020-2021 жылдары "Сарыарқа" және "Достық" метро стансаларының құрылысына республикалық бюджеттен 21,9 млрд теңге қарастырылған, деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитетінде.

2020-2021 жылдарға арналған екі метро стансасын салу үшін республикалық бюджеттен 21,9 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, 2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау аясында қосымша 2 млрд теңгеге қолдау көрсетілді, олар осы жылдың соңына дейін игеріледі, — делінген ведомство хабарламасында.

Көлік комитетінің ақпаратына сәйкес, Алматы метрополитенінің "Мәскеу" станциясынан "Достық" станциясына дейінгі бірінші желісінің екінші кезектегі кері бағытымен іске қосылатын екінші кешенінің құрылысы жобасының жалпы құны 68,1 млрд теңгені құрайды. 2013 жылдан бастап 2019 жылға дейін 43,6 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 35,9 млрд теңгесі республикалық бюджеттен. Қаражат ай сайын аударылып, игеріледі. "Сарыарқа" және "Достық" стансаларының құрылысы 2021 жылы аяқталады деп күтіледі.

Айта кетейік, Алматы метрополитенінің бірінші кезегі 2011 жылғы 1 желтоқсанда, екіншісі — 2015 жылғы сәуірде пайдалануға берілді. Ұзындығы 11,34 км желі тоғыз бекетті қамтиды.

Өзгелердің жаңалығы