Алматыда еңбек мигранттары екі есеге азайған

27 Тамыз 2020, 10:30
1563
Бөлісу:
Алматыда еңбек мигранттары екі есеге азайған

Алматы, BAQ.KZ. Қазақстанда көші-қонға байланысты мемлекеттік қызметтер «бір терезе» принципі бойынша бекітілген стандартқа сай ұсынылады.

«Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ Алматы қаласы бойынша филиалының Халыққа қызмет көрсету жөніндегі көші-қон бөлімі шетелдіктерге үшінші жыл қызмет көрсетуде. Егер бұрын резидент емес тұлға 6 түрлі ұйымға (салық, полиция, аурухана, сақтандыру компаниялары, фото салондар және банктер) барып, әр жерде кезекке тұруға мәжбүр болса, қазір бұл қызметтер бір жерде және «бір терезе» қағидаты бойынша, кедергісіз қызмет көрсету стандарттарына сай көрсетіледі.

Бұл жерде медициналық тексеріс пен дактилоскопиядан өтіп, сақтандыру полисін рәсімдеуге және жеке сәйкестендіру нөмірін алуға болады. Бұған дейін шетелдіктер Қазақстанда жұмыс істеуге рұқсат алу үшін бес күн жүрсе, енді рұқсатты бір сағаттың ішінде рәсімдей алады.

Әзербайжаннан келген Наим Аббас Алматыға жұмыс істеу мақсатында 10 наурызда келген.  Бүгін ол Алматы миграциялық ХҚО-на тіркелу мерзімін ұзартуға келді. «Бір терезе» әдісімен бір орталықтан жұмысының жылдам біткеніне риза болып, алғысын білдірді.. Қызмет көрсетушілер де сыпайы, мәдениетті дейді ол.   

Азаматтарға арналған үкіметтің Алматы қаласындағы Халыққа қызмет көрсету жөніндегі көші-қон бөлімі «Еңбек мигранттарына рұқсаттар беру және ұзарту», «Шетелдіктерге ЖСН қалыптастыру», «ҚР-ға уақытша келетін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тіркеу» мемлекеттік қызмет түрлерін ұсынады. Күніне орташа 1000-нан 1200-ге дейін қызмет алушылар келеді. Карантин кезінде шекараның жабық тұруы себепті, шетелдіктер оншалықты көп емес. Жалпы, қазақстандық Миграциялық ХҚО үлгісін ТМД елдерінің мемлекеттік органдары үлгі ретінде алып жүр. Өткен жылдары біздің тәжірибені үйренуге бірнеше Орталық Азия елдерінің өкілдері келіп кетті, - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Данияр Қырықбаев.

Миграциялық ХҚО ашылғалы бері шетелдіктерге 216 934 қызмет көрсетілген. Нақтырақ айтқанда, 2018 жылы -11970,   2019 жылы - 156 679,  биылғы жыл басынан бері 48 285 қызмет көрсетіліпті.

Еңбек етуге рұқсат ету бойынша  2019 жылдың 7 айында 41992 қызмет көрсетілсе, осы жылы бұл сан 29347-ні құраған. Уақытша тіркелгендер өткен жылы 57897 болса, биыл 22415, ЖСН қалыптастыру бойынша 8756 алынып, биыл ол осы уақыт аралығында 2589-ге дейін төмендеген.

Пандемия кезінде біздің мемлекетіміздегі мигранттар жағдайына қарайласып, карантин кезінде тіркеу мерзімі өткені үшін ешқандай әкімшілік жаза қолданылмады. Сонымен қатар, заң бойынша еңбек иммигранттарына біздің мемлекетімізде бір жыл тұруға рұқсат етілетін, бірақ карантинге байланысты бұл мерзімді ұзартты.

Естеріңізге сала кетсек, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ Алматы қаласы бойынша филиалының Халыққа қызмет көрсету жөніндегі көші-қон бөлімі өз қызметін 2018 жылдың 28 тамызынан бастады, Әуелі Алматы қаласы, «Нұркент» ықшамауданында ашылған болатын, осы жылдың 13 шілдесінен бастап «Шұғыла» ықшамауданындағы «Наурызбай ауданы Әкім аппараты» КММ ғимаратына көшкен.

Халыққа қызмет көрсету жөніндегі көші-қон бөлімінің жұмыс уақыты дүйсенбі мен сенбі аралығында, таңғы сағат 9.00-ден кешкі сағат 18.00-ге дейін.  

Өзгелердің жаңалығы