Алматыда дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы айлық басталды

6 Қараша 2020, 09:41
1734
Бөлісу:
Алматыда дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы айлық басталды

Алматы, BAQ.KZ. Дүниежүзілік «Жаһандық ынтымақтастық, ортақ жауапкершілік» науқаны аясындағы айлық Алматы қаласында 5 қарашадан 5 желтоқсанға дейін жалғасады.

2020 жылы бүкіл әлемнің назары CОVID-19 пандемиясына және адам өмірі мен әл-ауқатына тигізетін әсеріне ауды. Пандемия денсаулық мәселесінен басқа гендерлік теңдік, әлеуметтік қорғау және экономикалық әл-ауқатпен қаншалықты тығыз байланысты екенін тағы бір рет көрсетті. Биылғы дүниежүзілік Жүре пайда болған иммунитет тапшылығы синдромына (ЖИТС) қарсы күрес күнінің басты тақырыбы «Халықаралық ынтымақтастық, ортақ жауапкершілік» болатыны таңқаларлық емес.

COVID-19 пандемиясы әр адамның қауіпсіздігіне байланысты екенін айқын көрсетті. Адамның иммунтапшылық вирусы инфекциясымен (АИТВ) өмір сүретін адамдарға қатысты стигма мен кемсітушілікті жою, барлық мұқтаж жандарды  қажетті дәрі-дәрмектермен және қызметтермен қамтамасыз ету, адам құқықтары мен гендерлік теңдікке негізделген тәсілдерді пайдалану - АИТВ және COVID-19 пандемиясын тоқтатудың басты шарттары, - дейді Алматы қаласы ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бас дәрігері Марат Төкеев.

Науқан күндері Алматы қаласы ЖИТС орталығының дәрігерлері қоғамдастықтармен және үкіметтік емес қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, халықтың медициналық сауаттылығын арттыруға және АИТВ инфекциясы мен COVID-19 алдын алу шараларына бағытталған түрлі іс-шаралар өткізеді. Әрбір алматылық әлеуметтік желілерде танымал әнші Ирина Дубцованың «Живи» әнінің ең жақсы кавер нұсқасы байқауына қатыса алады. Жеңімпаздарды онлайн-дауыс беру арқылы анықтайды, ең үздік каверлер сыйлықтармен марапатталады. Қала оқушылары Тик-Ток әлеуметтік желісінде өз таланттарын көрсете отырып, «АИТВ-ға қарсы би» челленджіне қатыса алады.

АИТВ-мен (АӨА) өмір сүретін адамдарға стигма мен кемсітушілікке жол бермеу мақсатында орталықтың медициналық қызметкерлері басқа мекемелердегі әріптестерін «Ынтымақтастық танытыңыз!» онлайн-флешмобына шақырады.

Мегаполис тұрғындарының назарын АИТВ-инфекциясының алдын алудың, өз денсаулығы мен жақындарының денсаулығы үшін жауапкершіліктің маңыздылығына аудару үшін әлеуметтік желілерде құм шоуының элементтері бар әлеуметтік ролик көрсетілетін болады.

Тестілеуді танымал ету және АИТВ-ның берілу жолдары туралы хабардар болу үшін ЖИТС орталығының қызметкерлері дәрігерлерге, полицейлерге, педагогтарға, әскери қызметшілерге, қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлеріне, аутрич-қызметкерлерге онлайн режимінде тренингтер мен семинарлар өткізеді. С. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің студенттері үшін «АИТВ және стигма» атты онлайн-дебаттар жоспарланды. Халықтың негізгі топтары үшін АИТВ-ға жедел тестілеумен «Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз» акциясы, ал АӨА үшін – «Н=Н» (Анықталмайтын = берілмейтін) вебинары жоспарлануда.

ЖИТС орталығының Дүниежүзілік науқанды өткізу бойынша серіктестері арасында-әкімшілік, Қоғамдық денсаулық басқармасы, Алматы қаласының Білім басқармасы, ІІД, ҚАЖК, халықаралық, қоғамдық үкіметтік емес және басқа да ұйымдар бар.

2020 жылдың бірінші қарашасына Алматы қаласы ЖИТС орталығында 3663 АӨА есепте тұр. Соңғы жылдары жыныстық жолмен берілудің өсу тенденциясы байқалуда. 2020 жылдың тоғыз айында жыныстық жолмен берілетін АИТВ-инфекциясының 74,9%-ы, есірткіні көктамыр ішіне қолдану факторы бар парентеральді 18,3%-ы келеді.


Өзгелердің жаңалығы