Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Алматыда "Чемпиондық Рух" жобасы басталды

19 Мамыр 2025, 15:51
578
Бөлісу:
 жастар рухы
PHOTO
Фото: жастар рухы

Алматы қаласында чемпиондар мен спорт шеберлері жастармен бірге таңғы жаттығу жасап, "Чемпиондық рух" жобасының басталуына ұйытқы болды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл жоба – "AMANAT" партиясы жанындағы "Жастар Рухы" Жастар қанатының бастамасы.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, "AlashPride" клубының негізін қалаушы және президенті Данияр Қасқарауов, Алматы облыстық мәслихат депутаты, Сағадат батыр атындағы спорт клубының негізін қалаушы, джиу-джитсу және грэпплинг спорт шебері Нұрсұлтан Орынбасаров, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек, сондай-ақ еліміздің атақты спортшылары қатысты.

Алматыда "Чемпиондық Рух" жобасы басталды

Жастар қанатының көшбасшысы Ақерке Искандерованың айтуынша, “Чемпиондық Рух” — тек спорттық жаттығулар мен жарыстарды ұйымдастыру емес, ол жан-жақты бағытта жастардың денсаулығын сақтау мен дамытуға бағытталған ұстаным дейді.

- Бұл жоба спорт пен рухты бірлестіріп, қоғамда ішкі тәртіп, өз-өзіне сенім қалыптастыруды көздейді. Ең бастысы – “Чемпиондық рух” жобасы жастар арасындағы агрессиямен күресіп, олардың бос уақытын тиімді өткізуге, спортшылардың күші мен энергиясын дұрыс бағытта қолдануға жол ашады. Бұл бастама жастарды рухани, физикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамытып, оларды жауапты әрі белсенді азамат болуға ынталандырады. Жоба аясында алдағы уақытта салауатты өмір салтын насихаттайтын түрлі шаралар өтетін болады. Оның ішінде, мастер-класстар, спортшылармен кездесулер, мотивациялық кездесулер, турнирлер және т.б., - деді Ақерке Искандерова.

Шараның басты мақсаты – салауатты өмір салтын жастар арасында кеңінен насихаттап, табысты спортшылардың үлгісінде әр азаматтың чемпион болуға лайық екенін көрсету. Жоба шеңберінде тек жаттығулар ғана емес, әр түрлі бағыттағы шаралар кешені ұйымдастырылатын болады. Алматыда бастау алған жоба республика көлемінде жалғасын табады.

Алматыда "Чемпиондық Рух" жобасы басталды

Жобаның амбассадоры, джиу-джитсу мен грэпплинг бойынша спорт шебері Нұрсұлтан Орынбасаров бұқаралық спортты дамытып, көпшілік арасында насихаттаудың маңызы жайында айтты, сондай-ақ қатысушыларға арнайы ашық аспан астында жаттығу өткізді.

- Бұқаралық спорттың адамның денсаулығын жақсарту, қоғамдағы тәртіптілік пен бірлік сезімін арттыру, сондай-ақ ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі ерекше. Жастарды спортқа тарту арқылы ғана біз оларға дұрыс өмір салтын ұстануға көмектесе аламыз. Спорттық жаттығулар мен жарыстар арқылы қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыру маңызды, - деді Нұрсұлтан Орынбасаров.

Таңғы жаттығудың ең жас қатысушысы 4 жасар Әли өзінің әкесімен бірге белсенділіктанытып, көпшіліктің назарын өзіне аударды. Әлидің спортқа деген қызығушылығы мен энергиясы өзге де қатысушыларға стимул болды. Осындай белсенді қатысушыларға арнайы чемпиондардың қолтаңбасы бар сыйлықтар табысталды.

Алматыда "Чемпиондық Рух" жобасы басталды

Таңғы жаттығуға Қазақстанның танымал спортшылары қатысты. Олардың арасында:

• Нариман Құрбанов – спорттық гимнастика бойынша Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері;
• Арман Оспанов – аралас жекпе-жек шебері;
• Альберт Алдияров – джиу-джитсу және грэпплинг бойынша әлем чемпионы;
• Асу Алмабаев – UFC лигасында өнер көрсетуші спортшы.

Алматыда "Чемпиондық Рух" жобасы басталды

Іс- шара Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы қолдауымен өтіп жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба аясында түрлі спорттық жарыстар мен тренингтер, фитнес-жаттығулар мен шеберлік сыныптары өтетін болады. Сондай-ақ, жастарды тәртіп пен ерік-жігерге үйрету мақсатында арнайы мотивациялық кездесулер мен семинарлар ұйымдастырылады.

Өзгелердің жаңалығы