«Бюджетке қатысу»: Өтінім қабылдау 5 қазанда аяқталады

2 Қазан 2020, 18:10
1520
Бөлісу:
«Бюджетке қатысу»: Өтінім қабылдау 5 қазанда аяқталады

Алматы, BAQ.KZ. Алматыда «бюджетке қатысу» жобасы бойынша өтінімдерді қабылдау жалғасуда. 

Өтінімдерді қабылдау 2020 жылдың 5 қазанына дейін жалғасады. Өтінімді budget.open-almaty.kz сайтында қалдыруға болады.

Әрбір адам қалалық ортаны дамыту бойынша өз идеясын ұсына алады. Егер бастаманы басқа тұрғындар дауыс беру барысында қолдаса, ол қалалық бюджет есебінен жүзеге асырылады. Бір өтінім 55,5 млн теңгеден аспауы тиіс. Қаржыландырудың жалпы көлемі 6,4 млрд теңгені құрайды. Яғни, қаланың әрбір ауданына 800 млн теңге қарастырылған.

Біздің қаламыздың кез келген тұрғыны өз ауласын, көшесін немесе гүлзарын абаттандыру бойынша өтінім бере алады. Басты шарт - жоба 55,5 млн теңгеден аспауы тиіс. Міндетті түрде қала аумағында болуы тиіс. Кез келген фото немесе суретті қоса беру керек. Осы абаттандыруды көріп отырсыздар, егер сіздің жобаңызға барынша көп дауыс берілсе, жоба қала бюджеті есебінен іске асыруға жіберіледі, - деді Алматы қаласы Стратегия және бюджет басқармасының басшысы Алмас Батанов.  

Порталда өтінімдерді қабылдау, дауыс беру және бастамаларды іріктеу онлайн режимінде budget.open-almaty.kz өтеді. Сұрақтар бойынша +7(727)224-39-29, ішкі нөмір 203 немесе электрондық поштаға budget@almatydc.kz жүгіне аласыз. 

Жобаларды іріктеу критерийлері:

- аумақты көгалдандыру;

- тротуарларды жайластыру;

- тротуарлар, пандустар, арықтар салу және жөндеу;

- жалпыға ортақ пайдаланылатын орындарды (саябақтар, скверлер, жаяу жүргіншілер аймақтары және өзге де объектілер) құру, жөндеу және жарықтандыру);

- жиектерді, тіреу қабырғаларын жөндеу;

- полигондарды жою;

- аула аумақтарында және жалпы пайдалану орындарында спорттық (жаттығу алаңдарын, футбол, баскетбол, волейбол алаңдарын), балалар ойын алаңдарын орнату, жөндеу және жарықтандыру.

Естеріңізге сала кетейік, «бюджетке қатысу» жобасы Алматыда 2019 жылдың тамыз айында іске қосылды. Пилоттық жоба аясында жыл қорытындысы бойынша 1,4 млрд теңге сомасына 55 жоба іске асырылуда. Бірқатар жоба аяқталып, пайдалануға берілді. Осы тетіктің арқасында қала тұрғындары қалада скейтпарк салып, сөйлейтін орындық орнатты. Балалар мен ересектердің спортпен шұғылдануына арналған алаңдар, скверлер мен қала тұрғындарының демалыс орындары жабдықталды.

Өзгелердің жаңалығы