Алматыдағы өңірлік коммуникациялар қызметінде қалалық ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Еркебұлан Қойшыбаев интернеттегі алаяқтықтың қалай алдын алып жатқандарын айтты. Мұндай қылмыстың саны өсіп, күн өткен сайын көбейіп бара жатыр екен.
Зардап шеккендер саны
Цифрлық технология қарқынды дамып жатқанда жасанды интеллектіні де жиі пайдаланатын болды. Соңғы алты жылда мұндай қылмыстың саны екі еседей артқан. 2020 жылы 1677 факт тіркелсе, былтыр ол 2851-ге жетті. Бұл мәселенің өте өзекті екенін көрсетеді, - дейді Еркебұлан Қойшыбаев.
Жыл басынан бері Алматыда 700-ден астам интернет-алаяқтық тіркеліп, оның 300-ден астамы ашылған. Жалпы келтірілген шығын 490 млн 473 мың теңгем болса, оның 229 млн 702 мың теңгесі өтеліпті. Сонымен қатар, банктермен және байланыс операторларымен бірлесіп, 45 млн теңгеден астам соманы аудармақ болған 42 қылмыстық әрекеттің де жолын кескен.
Алаяқтар қандай тәсілдерді жиі қолданған?
Спикердің айтуынша, қазіргі алаяқтар жасанды интеллект технологиясын, соның ішінде генеративті модельдер мен машиналық оқытуды жиі қолданады. Бұл оларға сенімді контент жасап, адамның дауысы мен бейнесін қолдан жасап алып, жұмысын автоматтандыруға мүмкіндік беріп отыр.
Қазір ЖИ көмегімен адамның дауысы мен бейнесін оп-оңай салатын болды. Талай адамға өстіп туысы немесе бастығы болып қоңырау шалып, тездетіп ақша аударуын сұраған. Дауыс клонын және жалған бейнеқоңырауды қолданғандары тағы бар. Мұның бәрі алаяқтықты қауіпті етіп отыр, - дейді.
Deepfake-алаяқтық, дауыс салу, жаңа буын фишинг, автоматтанған чат-боттар мен жалған құжат жасау кең тараған. ЖИ алаяқтарға банктер немесе мемлекеттік органдар атынан сауатты хабарлама жазып, жәбірленушімен сөйлесіп, ақшасын, жеке деректерін алдап алуға мүмкіндік береді.
Кеңес
Мамандар күмәнді сілтемелерге өтпеуге, шұғыл ақша аударуды сұрағандарға сене салмай, ақпаратты тексеріп алу керегін ескертіп отыр. Жеке деректерді де бермей, екі факторлы аутентификацияны қолдану керек.
Еске салайық, бұған дейін сарапшылар, банкирлер, реттеуші органдар мен IT мамандары жиналатын алаңда бүгінгі қоғам үшін ең өзекті қауіптердің бірі – интернет-алаяқтық мәселесі талқыға салған еді.
Сонымен қатар, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қоғамдық қауіпсіздік пен қылмыстық қауіп-қатерді болжау орталығы бұлттық сервистерді пайдаланушыларға бағытталған интернет-алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескерту жасады.