Алматыда бірінші сұрыпты жұмыртқаны 487 теңгеден қымбат сатқандарға айыппұл салынады

1 Қазан 2021, 12:40
7653
Бөлісу:
Алматыда бірінші сұрыпты жұмыртқаны 487 теңгеден қымбат сатқандарға айыппұл салынады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тазабек Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Ол мегаполисте азық-түлік бағасы тұрақтанып, олардың өсуіне жол берілмейтінін атап өтті.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына 15 пайыз үстемесін сақтау келісілген. Оны сақтау бойынша мониторингтік топ тексеріс жүргізіп отырады. Осы жылдың 1 шілдесінен бастап ҚР Кәсіпкерлер кодексіне өзгертулер енгізілді. Осы өзгеріс бойынша жергілікті атқарушы органдар өз құзіреті шеңберінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға мөлшері үстемдігіне бақылауды жүзеге асырады. Егер бұл жұмыс бойынша бағаны арттыру фактілері анықталса, оларға алдымен ескерту жасалады, бір жыл ішінде қайта қайталанса кіші субекті бойынша 10 АЕК көлемінде, орташа субектіге 75 АЕК ірі субектіге 300 АЕК көлемінде айыппұл салынады,-деді ол.

Оның айтуынша, жыл басынан бері қалада қарақұмық жармасына – 361 теңге, бірінші сұрыпты жұмыртқаға – 487 теңге, қырыққабатқа – 83 теңге үш шекті баға белгіленген. Мониторингтік топ бұл азық түрлерін шекті бағадан асырып сатқандарды анықтамапты.

Сату бағасын тұрақтандыру дүкендер мен жергілікті базарлардың сөрелеріне таралады. Қала әкімдігі сауда желілерімен, тауар өндірушілердің ірі бірлестіктерімен ынтымақтастықта. Алматының базарлары мен сауда желілеріне тікелей жеткізу ұйымдастырылған. Оған қоса қалада бағаны тұрақтандыру бойынша үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сақтандыру қорымызға 10 млрд теңге қаражат бөлінген. Бұл қаражат ірі сауда желілеріне және тікелей өндірушілерге пайызсыз несие механизмімен беріледі,-дейді Тазабек.

Бұдан өзге апта сайын Алматы қаласының барлық аудандарында демалыс күнінің азық-түлік жәрмеңкелері өткізіліп, оған Алматы облысының жақын аудандарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, сондай-ақ мегаполистің азық-түлік кәсіпорындары қатысатынын жеткізді.

2021 жылдың басынан бері 380 жәрмеңке өткізіліп, 40 млн теңгеден астам сомаға 5 мың тоннаға жуық өнім сатылды. Сондай-ақ, біз жыл сайын Алматы, Жамбыл, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің кеңейтілген жәрмеңкелерін өткіземіз, - деді Д. Тазабек.

Мәселен, қыркүйек айында Алматы облысы өнімдерінің жәрмеңкесі, сондай-ақ қала күніне орайластырылған «Apple Fest-2021» алма фестивалі өткен.



Өзгелердің жаңалығы