Алматыда байқаушылардың құжаттарына қатысты мәселе туындады

10 Қаңтар 2021, 07:51
1187
Бөлісу:
Алматыда байқаушылардың құжаттарына қатысты мәселе туындады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Асанова қаладағы сайлау учаскелерінің қазіргі жұмысы жайлы баяндады.

Ол Алматыдағы 581 дауыс беру учаскесі уақытында, яғни сағат 07:00-де ашылғанын жеткізді. 

Қазір сайлаушылардың алды учаскелерге келіп дауыс беріп жатыр. Сайлау учаскелерін ашу кезінде аздаған мәселе туындады. Ол әсіресе байқаушылардың құжаттарына қатысты болды. Бұл мәселе қазір оң шешіліп, байқаушылар учаскеге жіберілді. Сағат 06:00 мен 07:00 аралығында қалада 4 мыңнан астам байқаушы тіркелді, - деді ол. 

Сонымен қатар, ол пандемия кезіндегі сайлаудың ерекшелігіне тоқталды.

Биылғы сайлаудың ерекшелігі пандемияға байланысты санитариялық талаптардың орындалуы болып отыр. Сондықтан сайлау комиссиясының мүшелері дауыс берушілердің легін реттеп отырады. Пандемияға байланысты қолайсыздықтар болуы мүмкін, оған түсіністікпен қарауды сұраймын. Карантин талаптарын сақтау барлығымыздың ортақ міндетіміз, - деді ол. 

Сөз арасында ол денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне бара алмайтындар арнайы өтініш беру қажеттігін айтты. 

Бұл өтінішті беру мерзімі бүгінгі сағат 12:00-ге дейін жалғасады. Бұған дейін жіберілген өтініштер тіркеуге алынған. Сағат 12:00-ден кейін сайлау учаскесінің мүшелері үй-жайларға шығады, - дейді Жанна Асанова.

Өзгелердің жаңалығы