Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Алматыда балабақша тәрбиешісі баланың маңдайын жарып жіберген

Нұрқанат Атажан
20 Тамыз 2025, 15:47
2013
Бөлісу:
VIDEO

Алматыдағы балабақшалардың бірінде балаға қатыгездік көрсету оқиғасы тіркелді. Оқиға Бостандық ауданында орналасқан №40 мемлекеттік балабақшада болған, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Желіде тәрбиешінің баланы қолынан қатты тартып қалғаны, содан кейін баланың басымен ағаш орындыққа соғылып қалғаны түсірілген видео тарады. Тәрбиешінің әрекеті салдарынан баланың маңдайынан ашық жара пайда болды.

Зардап шеккен баланың ата-анасының айтуынша, олар тәрбиешіні жауапқа тартуды талап етуде. Сондай-ақ олар тергеудің баяу жүріп жатқанына және құқық қорғау органдарының әрекеттері жеткіліксіз екеніне наразылық білдіруде.

Алматы қаласы Полиция департаменті аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Бұл дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеу бастады. Оқиғаның объективті мән-жайлары анықталуда. Нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнама аясында шешім қабылданады, – деді полицияда.

Қазіргі уақытта тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Айта кетерлігі, балабақшадағы мұндай оқиғалар, яғни бүлдіршіндердің не мектепке дейінгі білім ордасының қызметкерлерінен, не өз қатарластарынан соққы алып, жәбірленгені туралы бұған дейін де хабарланған. Мәселен, Таразда балабақшада тәрбиеші баланың басын жарақаттағанын жаздық. Тәрбиеші әйелдің көк пакетпен баланың басынан қатты ұрған сәті видеоға түсіп қалған. Сол сәтте бала басын қолымен ұстап, артқа қарай шегініп кеткені байқалады. Қатты соққыдан баланың басы жарылған.

Аталған оқиғаға қатысты Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мәлімдеме жасап, кім жұмыстан шығарылып, кім сөгіс алатынын хабарлады.

Сондай-ақ Ақтаудағы балабақшада бүлдіршінді қатыгездікпен соққыға жыққаны туралы жазған болатынбыз.

Ал Астанада баланы ұрған тәрбиеші рақымшылыққа ілініп, жазадан босатылды.

Сонымен қатар, балабақшада 1,5 жасар қызды басқа бала 25 рет тістеп тастағаны туралы жазған болатынбыз.

Павлодар қаласындағы №116 балабақшада тәрбиешілердің бірі балаларға күш көрсеткен. Бұл туралы бейнежазбалар әлеуметтік желіде тарап, қоғамдық резонанс тудырды.

Астанадағы балабақшалардың бірінде де бала күтушісі балаларды ұрып-соққанын жаздық. Ал Қызылордадағы жекеменші балабақшалардың бірінде бүлдіршін қайнаған суға күйіп қалған.

Өзгелердің жаңалығы