Алматыда автобус жүргізушісіне шабуыл жасаған ер адам 2 ай қамауға алынды

25 Желтоқсан 2023, 11:40
714
Бөлісу:
Алматыда автобус жүргізушісіне шабуыл жасаған ер адам 2 ай қамауға алынды
Фото: Арман Мухатов - архив

Алматы қаласының соты автобус жүргізушісіне шабуыл жасаған ер адамды қамауға алды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының хабарлауынша, 24 желтоқсанда сот шешімімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының өтініші қанағаттандырылып, күдікті А.-ны 2 ай мерзімге қамауға алу санкцияланды, - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, 22 желтоқсан күні кешкісін 47-бағыттағы қоғамдық көліктің жолаушысы жүргізуші әйелді ұрғандығын, ол есін жоғалтып, көлікті басқара алмай қалған. 

Бақылаудан шығып кеткен қоғамдық көлік аялдамада тұрған адамдарды қағып, төрт көлікпен соқтығысты.

Оқиға салдарынан үш адам қаза тауып, тағы 4 адам дене жарақаттарын алды. Олар ауруханаға жеткізілді. 

Алматы қалалық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше қоғамдық көлік жүргізушісін ұрған ер адам ұсталды. Оған қатысты ҚК-нің 293 бабы (бұзақылық) және ҚК-нің 351 бабы (екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан көлікті қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ететін ережелерді бұзу) бойынша қылмыстық іс тіркелді. Осы бап бойынша ол 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы