Алматыда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр

17 Қазан 2020, 13:03
1215
Бөлісу:
Алматыда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр

Алматы, BAQ.KZ. Алматы қаласының екі ауданында Жамбыл облысы фермерлерінің қатысуымен кеңейтілген жәрмеңке өтіп жатыр. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.

Мегополисте азық-түлік белдеуін құру және Жамбыл облысы мен Алматы қаласы арасында өңіраралық ынтымақтастықты дамыту аясында 17-18 қазан күндері «Астана» орталық алаңында (Абылай хан даңғылынан Назарбаев даңғылына дейін) және «Алатау» (Нұркент ықшамауданы, 6) концерт залының жанында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. 

Қазанның 17-18 жоспарланған бұл жәрмеңкеге Жамбыл облысы өнім өндірушілері жалпы құны 162,1 млн теңгені құрайтын 360 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдерін алып келген. 

Оның ішінде 36 тонна ет (жылқы, сиыр, қой еті және тауық еті), 9 тонна шұжық өнімі, 27 тонна сүт өнімі, 10 мың дана жұмыртқа, 3 тонна кондитерлік өнім мен 9 тонна макарон өнімі, 10 тонна қант, 4 тонна ұн, 1 тонна тұз, 5 тонна балық, 11 тонна өсімдік майы, 6,5 тонна бал, 1,0 тонна кептірілген жеміс және 82,3 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімі бар, - делінген хабарламада.

Жамбыл облысы әкімдігінің хабарлауынша, жәрмеңкеде ұсынылатын өнімдердің бағасы нарық бағасынан 8-20 пайыз төмен болады. 

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі таңғы 8:00-ден кешкі сағат 17:00 дейін 2 күн бойы өтеді. 

Айта кетейік, шара өтетін нысандарда санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды, оның ішінде маска режимін, қол гигиенасын және әлеуметтік қашықтықты берік ұстану қатаң талап етіледі.

Өзгелердің жаңалығы