Алматыда ата-аналардың наразылығынан кейін 3 музыка мектебі жекешелендірілмейтін болды

11 Наурыз 2021, 12:48
1836
Бөлісу:
Алматыда ата-аналардың наразылығынан кейін 3 музыка мектебі жекешелендірілмейтін болды

Алматы, BAQ.KZ. Алматы әкімдігі қоғамдық дау туғызған 3 балалар мектебінің жекешелендірілмейтінін мәлімдеді.

2018 жылы Премьер-министрдің өкімімен бекітілген Үкіметтің Жұмыс жоспарын орындау мақсатында жекелеген нысандарды жекешелендіру туралы шешім қабылданған. Осы жоспарға сәйкес Алматы қаласы бойынша бәсекеге қабілетті ортаға 3 балалар музыкалық мектебін беру жоспарлаған. Ол №1 балалар музыкалық мектебі (хор), Прокофьев атындағы №3 балалар музыка мектебі және №11 балалар музыка мектебі.

Бұл мәселе қоғамда әлеуметтік шиеленісті тудырғандықтан, Алматы қаласының әкімдігі Білім және ғылым министрлігі және Мәдениет және спорт министрлігімен бірге бұл мәселені талқылап, оны жекешелендіруге бермеу туралы шешім қабылдаған.

Сондай-ақ, Алматы қаласының әкімдігі Премьер-министрге балалар музыкалық мектептерін жекешелендірілетін нысандар тізімінен шығару туралы хат жолдағанын мәлімдеді.

Қазіргі уақытта Алматы қаласында 17 мемлекеттік қосымша білім беру ұйымдары, оның ішінде Оқушылар сарайы, 7 аудандық Оқушылар үйі, Өнер мектебі, 23 мыңнан астам баланы қамтыған 8 музыкалық мектеп бар.

Алматы қаласы әкімдігінің саясаты балаларды мектептен тыс тегін біліммен қамтуды одан әрі арттыруға бағытталған. Осы мақсатта биыл қолданыстағы Оқушылар сарайын жаңарту жұмыстары жүргізілуде, Алатау және Наурызбай аудандарында екі Оқушылар сарайын салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.  Сонымен қатар барлық мектептен тыс ұйымдардың ғимараттарын жаңарту жоспарланған, - делінген хабараламада.

Өзгелердің жаңалығы