Алматыда алғаш рет селден қорғайтын 3 бөгет салынып жатыр

6 Сәуір 2023, 12:16
1837
Бөлісу:
Алматыда алғаш рет селден қорғайтын 3 бөгет салынып жатыр
Фото: kaznews.kz

Тәуелсіздік алған жылдардан бері алғаш рет Алматыда бірден селден қорғайтын 3 бөгет салынуда, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2023 жылғы 5 сәуірде ТЖ министрі Юрий Ильин Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жылдарынан бері және ТЖМ тарихында алғаш рет селден қорғау құрылыстарын салу бойынша бір уақытта 3 жоба іске асырылып жатқанын айтты. 

Оның 2–еуі Алматы қаласын сел қаупінен қорғауға арналған Үлкен Алматы көлі шатқалындағы келесі жылы аяқталатын Аюсай бөгеті және биылғы жылы аяқталатын Ақсай бөгеті. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасымен бірлесіп Қорғастағы селден қорғайтын Шүкірбұлақ бөгетінің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Аюсай бөгетінің құрылысы сел ағындарынан, нөсерлі, гляциалды селдерден болатын қауіпті барынша азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жобаланатын бөгеттің астында орналасқан шаруашылық объектілерін инженерлік қорғауды және сел қаупі бар аймақтағы адамдардың өмірін қорғауды қамтамасыз етеді. Яғни Алматы СЭС каскадының объектілері, Алматы қаласы – "Алма Арасан" санаторийі автожолы, сондай-ақ демалыс объектілері. Құрылыстың аяқталу мерзімі 2024 жылға жоспарланып отыр.

Ақсай өзені бассейнінде сел ұстайтын бөгет салу төмен орналасқан объектілерін: "Ленинец" пионерлік лагерін, орманшылықты, "Ақсай" саяжай алабын, Алматы қаласы Наурызбай ауданы Ақжар кентін және Ақсай өзені арнасының бойында орналасқан басқа да елді мекендерді сел ағындарынан инженерлік қорғауды қамтамасыз етеді. Құрылыстың аяқталу мерзімі 2023 жылға жоспарланған.

"Шүкірбұлақ" сел ұстайтын бөгеттің құрылысы Мемлекет басшысының 2012 жылғы 25 мамырдағы тапсырмасы және Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының үкіметтері арасындағы Қорғас өзенінде сел ұстайтын бірлескен бөгет салудағы ынтымақтастық туралы 2017 жылғы 8 маусымдағы келісімді іске асыру шеңберінде жүзеге асырылады.

Бөгет екі елдің шекарасында орналасқан. Сел қоймасының көлемі 10 млн текше метр.

Сел ұстайтын бөгет "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының (ХШЫО) объектілерін және "Қорғас" кеденінің, "Шығыс қақпасы" шекара маңы сауда-экономикалық аймағының (ШСЭА), Қорғас және Басқұншы елді мекендерінің ғимараттарын Қорғас өзенінің тасқын және сел ағындарының әсерінен қорғауды қамтамасыз етеді. Құрылыстың аяқталу мерзімі 2024 жылға жоспарланған.

Өзгелердің жаңалығы