Алматыда алғаш рет ат табан балаға ота жасалды

16 Қазан 2023, 21:28
867
Бөлісу:
Алматыда алғаш рет ат табан балаға ота жасалды
Фото: №2 Алматы қалалық клиникалық балалар ауруханасы

Жасөспірім анасынан сирек кездесетін ақаумен туған. Қос табанының пішіні бұзылып, алдыңғы бөлігі иіліп туған (ат табан) балаға Алматыдағы №2 Қалалық клиникалық балалар ауруханасында ота жасалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аурухана баспасөз қызметінің мәліметінше, аса күрделі хирургиялық манипуляцияны №2 ҚКБА дәрігерлері үш күндік халықаралық шеберлік класы шеңберінде ресейлік мамандар Максим Вавилов және Тимур Торномен бірлесіп жасады. Шеберлік класы 13-15 қазан аралығында өтті.

Ауыр ақауларға шалдыққан балаларға білікті хирургиялық көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылған шеберлік класы «Милосердие» ерікті қоғамы мен қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының тікелей қатысуымен өтіп жатыр. Шара шеңберінде барлығы аяқ-қолы іштен қатты кеміс болып туған немесе атрофияға жүре-бара душар болған 7 балаға ота жасалмақ. Хирургия саласы дамып жатыр. Біз микрохирургиялық отаның заманауи әдістерін меңгеріп жатырмыз. Қалпына келтіруге бағытталған ортопедиялық оталар шетелде өте қымбат тұрады. Ал бізде тегін медициналық көмек және МӘМС пакеттері арқылы көрсетіледі, – дейді аурухана директоры Марат Рабандияров.

Ота жасалған 16 жастағы пациенттің қос табаны имек тәріздес пішінде. «Ат табаны» деп аталатын кавустық табан 100 мың халықтың ішінде 30 шақты адамда кездесуі мүмкін. Дертке әйелдерден гөрі ерлер жағы бейім келеді. Әдетте табанның иілуіне жауап беретін абдукторлар майысады, салдарынан табан да имек тәрізденіп кетеді. 

Табаны шектен тыс үлкен болғандықтан, бала аяқ киім кие алмайтын. Табанның иілетін жеріндегі дистрофиялық өзгерістер адамды жүру қабілетінен айырады. Сондықтан міндетті түрде хирургиялық операция жасау қажет. Біз табанның тіректік қызметін қалпына келтіруге арналған күрделі ота жасадық. Операция кезінде табандағы буындардың бірі толығымен алып тасталады. Табан түзетіліп, арнайы винттермен бекітіледі, – дейді №2 ҚКБА травматология бөлімшесі меңгерушісі Ерлан Садырбалин. 

Алматыда алғаш рет ат табан балаға ота жасалды

Айтуынша, мұндай ота бұрын-соңды Алматыда балаларға мүлде жасалмаған. Пациент 1,5-2 айға дейін аяғындағы гипсті шешпейді. Гипс алынғаннан кейін аурухананың реабилитация бөлімінде оңалтудан өтеді. Өздігінше жүре бастаған соң тіркелген емханаға барып оңалтудың 3-кезеңі бойынша емделеді.
 

Өзгелердің жаңалығы