Алматыда «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» кітабының тұсаукесері өтті

14 Наурыз 2022, 17:42
1831
Бөлісу:
Алматыда «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» кітабының тұсаукесері өтті

Алматы, BAQ.KZ. Алматыдағы Ұлттық кітапханада Халықаралық Түркі академиясының «Ұлылар үндестігі» атты халықаралық конференциясы өтті.

Жиын барысында «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш», «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі» және Мұхтар Әуезовтің «Қырғыздың батырлық эпосы «Манас» атты кітаптарының тұсаукесері өтті.

Аталған шара ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл, заңғар жазушы М.Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.

Сонымен қатар, іс-шара аясында Алаш мұраларын зерттеп жүрген бірқатар ғалым-қайраткерлер Түркі академиясының арнайы наградаларымен марапатталды. Түркі әлемінің тарихи-мәдени байланыстарын дамытуға қосқан зор үлесі үшін академик Мәмбет Қойгелдиев Академияның арнайы Алтын медалімен, белгілі әдебиетші ғалым Кенжехан Матыжанов Түркі академиясының Күміс медалімен марапатталды.

Алматыда «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» кітабының тұсаукесері өтті

Іс-шарада ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан А.Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай өмірі мен шығармашылығына арналған «Ұлттың ұлы ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы» және М.Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына орай «Мұхтар Әуезов әлемі» атты кітап көрмелері ұйымдастырылды.

Конференцияны Халықаралық Түркі академиясының президенті Қыдырәлі Дархан Қуандықұлы жүргізді.

Жиын барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев, жазушы, кинодраматург, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай, филология ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Кенжехан Матыжанов, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып Алаш зиялыларына қатысты ойларымен бөлісті.

Алматыда «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» кітабының тұсаукесері өтті


 

Өзгелердің жаңалығы