Алматыдағы Абай алаңында зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары мен қала тұрғындары ұлы ақын мұрасы туралы айтты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Гүл қою рәсіміне Мереке Құлкенов бастаған Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Ұлы тұлғаның 115 жылдығында осы ескерткіш бой көтерді. Көркем туындыға биыл 63 жыл толды. Осылайша, Алматы деген ару қалаға Абайдың рухы келіп қонды. Абай Жидебайда дүниеге келді. Дегенмен әр қазақ өзінің Маңғыстауында, Талдықорғанда, Көкшетауында Абай біздің ақынымыз деп мақтан тұтады. Туған күнін дүбірлетіп тойлайды. Абай қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш рет өз заманында халықты толғандырған қоғамдық және саяси өмір проблемаларын күн тәртібіне қойды. Ол қазақ қоғамының қайшылықты жақтарын, замандастарының алауыз берекесіздігін, патшаның отаршылдық саясаты қоздырып отырған рулық тартыстардың елдің бірлігіне келтірген зиянын қатты сынай отырып, еңбекші елге іш тартты, халықты озық мәдениетке сүйреді, – дейді Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов.
Ұлы ақынның туған күніне орай өткізілген шарада мектеп оқушылары Абай өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер оқыды.
Қазақ халқының рухани кеңістігін Абайсыз елестету мүмкін емес. Себебі Абай жаңа дәуірдің бастауында тұрған. Ақынның жырлары мен қара сөздері арқылы біз ұлт болмысын, дүниетанымын ұғына түсеміз, рухани кемелдікке ұмтыламыз. Ұлы ойшылдың асыл мұрасын ардақтау және жан-жақты дәріптеу – баршамыздың міндетіміз. Абай –даналықтың белгісі. Ол шындықтың ақыны болып туды, солай өмір сүрді. Оның өлеңдерін оқи отырып, одан жалғандық табу қиын. Өлеңдерінен қазақтың ұлттық табиғатына тән шындық мөлдіреп көз алдыңа келеді. Ұлы суреткер есебінде Абай оны көркем бейнелеудің жаңа жолын тапты, – дейді ақын, драматург Нұрлан Оразалин.
Еске салайық, Абай күні Алматы қаласында кеңінен аталып өтіледі. «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Абай мұрасы - қазақ қазынасы» әдеби-музыкалық қойылымы қойылады.