Алматыда 32 мың бала мектеп табалдырығын аттайды

12 Тамыз 2019, 19:28
1608
Бөлісу:
Алматыда 32 мың бала мектеп табалдырығын аттайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қалалық Білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенованың айтуынша, Алматыда 185 мемлекеттік бала бақша, 204 мектеп пен 22 коледж бар, деп хабарлады қала әкімдігінің сайты.

1 қыркүйекте 1-11 сыныптарға 258 мыңнан астам оқушы келеді деп күтілуде. Алдын ала жасалған болжам бойынша бірінші сынып табалдырығын 32 мың оқушы аттайды.

"Қазіргі кезде барлық мемлекеттік білім ошақтарында ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталған. Ал, 2 бала бақшада, 9 мектепте, №9 мектеп-интернатта күрделі жөндеумен қатар сейсмикалық күшейту жұмыстары жүруде. 5 мектептегі жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылына дейін бітеді", - делінген таратылған ақпаратта. 

Мектептердің барлық оқушыларына оқу құралдары беріледі. Келісімге сай оқу құралдары білім ұйымдарына 2019 жылдың 20 тамызына дейін жеткізіледі. Алматы қаласында биылғы жылдың 5 шілдесінен бастап жыл сайынғы дәстүрлі «Жүректен – жүрекке» ұраны бойынша «Мектепке жол» акциясы жүруде. Акция 30 қыркүйекте аяқталады.

Барлық мектептерде ата-аналар үшін акцияның мақсаты мен міндеттері айқындалған ақпараттық стенділер жасалған. Акцияны ұйымдастыру мен өткізу жоспарына сәйкес оқу орындары мен аудан әкімдіктерінде қайырымдылық шаралары, ПД ЖПҚ ювенальды полициясының жергілікті бөлімдерімен бірге рейдтер, ірі сауда орындарында оқушылар жәрмеңкелері өтуде. Шараны ұйымдастыруға бизнес-құрылымдар, аз қамтылған отбасы балаларын мектепке дайындауға көмек көрсеткісі келетін мейірімді жандар тартылуда.

Өзгелердің жаңалығы