Алматыда 25 қазақ мектебін ашқан ақын

28 Қаңтар 2024, 19:13
8214
Бөлісу:
Алматыда 25 қазақ мектебін ашқан ақын

Бір отырыста арқаланған Адай руының жігіті «Танысаң – Адаймын, танымасаң – Құдаймын» деп бірнеше мәрте қайталаса керек, сонда Шона тұрып: «Танысаң – Ыстымын, танымасаң Құдайыңнан да күштімін» деп әлгі кісінің біраз аптығын басқан екен. Өзінің өткірлігімен, сатирадағы тіліп түсер тапқырлығымен көптің есінде қалып, «шоқ тілді Шона» атанған Шона Смаханұлының биыл ғасырлық мерекесі.

Шонаның өмірі

Шонаның туған топырағы Жамбыл өңірі. Ол 1924 жылы 2 қарашада Талас ауданының Ойық ауылында дүниеге келген.

Жастайынан жетім қалған бала Шона алғашында балалар үйінің, кейін интернаттың тәрбиесінде болған.

Жігіттік шағы да серілік құрып, сайран салатын уақыт болмады. Дүниені жайлаған сұрапыл соғыс басталып, 1942-1943 жылдары әскер қатарында қан майданды көріп қайтты. Соғыстан келгеннен кейін де бipaз жыл бойына (1943-1957 жылдары) ауылдық мектепте мұғалімдік қызмет атқарған.

Ауылда арбамен астық тасып жүрген жүрісі өзіне де ұнай қоймаса керек. Бірде ауылдан Әулиеатаға арбамен жеткен Шона, арбасын ағытып тастап, Алматыға қарай атпен тартып кетеді. Ондағы мақсат – оқу, жоғары білім алу. Осылайша Алматыға атпен жеткен ол Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының тіл және әдебиет факультетін сырттай 1956 жылы оқып бітіреді.

Шона Смаханұлы 1950 жылдан бастап өлең жазып, әдеби шығармашылықпен шұғылдана бастаған. «Тотияйын» атты тұңғыш сатиралық өлеңдер жинағы 1959 жылы жарық көрді.

Мен де Шонаның шығармаларымен бала кезімнен таныс болдым. Себебі, марқұм анам Шонаның ертеректе шыққан кітабындағы сықақ өлеңдерін түгелдей жаттап алған еді. Соны әр отырыс сайын елді қыран-топан күлкіге қарық қылып, кәнігі әртістерше дауысын мың құбылтып орындайды. Сол кездерде айтатын «Қырық сылтау», «Бір шопырдың хикаясы», «Екі достың әңгімесі» секілді сықақ өлеңдерін мен де жаттап өскем.

Шонаның ерлігі

Егер «Елдің есінде қалған Шонаның ерлігі қандай еді?» деген сауал қойылса, ойланбастан «Алматыдан 25 қазақ мектебін ашқаны» деп жауап берер еді. Расында да, сол заманда мұндай қадамға бару үлкен ерлік еді.

Әрине, Шона айтты екен деп ешкім қазақ мектептерін ашып бере салған жоқ. 1980 жылдары қазақ тілін қорғау, орыс және орыс тілді басшыларды қазақ мектебін ашуға көндіру тіпті мүмкін еместей көрінетін. Сондықтан да қазақтың мен деген марғасқа қаламгерлеріне дейін балалары мен немерелерін өз қолымен жетектеп орыс мектептеріне апарды. Оның үстіне «қазақ тілінің болашағы жоқ, ертең ұрпағымыз қатарынан кем болады» деген құлдық түсінік те қазақ мектебіне баруға кедергі болатын. Қаламгерлердегі ғана емес, жалпы қазақта қалыптасқан осындай түсініктің талқанын шығарған да Шона болды.

Сол кездері қазақ тілінің аясы тарылғаны соншалық, тіпті қоғамдық орындарда екі қазақ қазақша сөйлесcе орыстар жекіп ұрысатын болған. Ал Шона «мұның шешу жолы – ұрпақтың тілін қазақша шығару» деп ойласа керек. Және сол арманын орындауда аянып қалған жоқ. Ең бірінші қиындық, қазақша оқитын бала мен баласын қазақ сыныбына беретін ата-ана табу болды. Әрбір қазаққа жүргізген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде бес жүздей бала жинап, №45 орыс орта мектебінің ішінен бірнеше қазақ сыныптарын ашады. Жыл соңына дейін бала санын көбейтіп, келесі жылы №145 қазақ мектебінің ашылуына септігін тигізді. Осылай Шонаның тынымсыз еңбегінің арқасында 25 қазақ мектебі ашылады.

«Мен Шонамын, шағып алар сонамын»

Бір отырыста арқаланған адай руының жігіті «Танысаң адаймын, танымасаң құдаймын» деп бірнеше мәрте қайталаса керек, сонда Шона тұрып: «Танысаң ыстымын, танымасаң құдайыңнан да күштімін» деп әлгі кісінің біраз аптығын басқан екен.

Бірде Сәбит Мұқанов, Тайыр Жараков бастаған бір топ ақын-жазушылармен кездесу өтіп жатады. Өлең оқу кезегі жастарға келгенде сахнаға Шона шығып: «Жазған ұлда жазық жоқ, көп білем деп көкиді. Әкесінің жазғанын, аудармадан оқиды» деп бір шумақ өлең оқып сахнадан түсіп кетеді. Зал сілтідей тынып қалады. Сәлден кейін есін жиғандай болған Сәбит: «Әй, мына бала бәрімізді сойып салды ғой» депті. Осы кеште Бауыржан Момышұлы да отырған екен. Шонаның бұл тапқырлығы мен мінезіне риза болса керек, кейіннен Шонаны "номері екінші ұлы" дейтін болыпты. Себебі ол заманда тегіне әкесінің атын қазақша жалғауға рұқсат болмаған. Елдің бәрі ов, ев болып жүргенде Бауыржан Момышұлы, Шона Смаханұлы секілді санаулы кісілер ғана өздерігің тегіне ұлы сөзін қосып жаздырған.

Алматыда қазақ мектептерін ашуда талай қындыққа жолыққан Шона Қонаевқа да жолықпақ болады. Бірақ оның көмекшілері жақындатпай қояды. Сонда Шона: «Айналайындар-ау, мен Шонаевпын, ол кісі Қонаев. Біз туысқан адамдармыз» деп алдап кірген екен.

Шонаның еңбектері

1957-1958 жылдары «Мектеп» баспасында редактор, 1958-1963 жылдары «Қазақстан мұғалімі», «Қазақстан пионері» газеттерінде, 1964-1968 жылдары сатиралық «Ара» журналында қызмет еткен. 1973-1983 жылдары «Жазушы» баспасында редактор, кейінірек редакция мeңгepyшici болған. Шона Смаханұлы кеңестік жүйе тұсында-ақ «Ана тілім – ардағым менің» деген ән-өлеңмен ұлттық тілдің қадір-қасиетін терең танып, қалың көптің көңіл-жүрегіне берік ұялатты. Бірнеше ән мәтіндерінің авторы. Орыс тілінде бірнеше кітабы жарық көрген.

Өзгелердің жаңалығы