Алматы зообағы әкімшілігі әлсіреп жатқан аюдың суретіне қатысты түсініктеме берді.
Әлеуметтік желіде dilyassun атты Threads қолданушысы әлсіреп жатқан аюдың суретін жариялаған болатын. Желі қолданушылары жануарға аяушылық білдіріп, түрлі пікір жазған болатын.
Зообақ өкілдерінің редакцияға берген мәліметінше, суретте ақтырнақты аю Құрманбек бейнеленген. Ол – Алматы зообағының ең кәрі “тұрғындарының” бірі.
Әкімшілік аюдың жағдайы қалыпты екенін атап өтті. Құрманбек тұратын қоршауда жануарға қолайлы жағдай жасалған: кондиционер орнатылған, сондай-ақ ыстық күндері салқындап, уақыт өткізуі үшін үлкен бассейн қарастырылған.
Аюлар көбіне таңертең және кешке белсенді болады. Ал күндіз демалғанды жөн көреді. Оның үстіне Құрманбек егде жастағы жануар болғандықтан, көп қозғалыстан гөрі тыныштықты қалайды, – деп мәлімдеді зообақ өкілдері.
Сондай-ақ мамандар аюлардың кейде өздері салқын жерлерді таңдап, ұзақ уақыт тынығып жататынын айтты.
Зообақ әкімшілігінің сөзінше, барлық жануар тұрақты түрде мамандардың бақылауында болады, теңгерімді азықпен қамтамасыз етіліп, қажетті ветеринарлық көмек алады.
Бұл жағдайда аю жай ғана өзіне жайлы жағдайда демалып жатыр, – деп түсіндірді мекеме өкілдері.