Алматы ЖЭО-2 шығарындылары 15 есе қысқарады

30 Қараша 2021, 11:43
1357
Бөлісу:
Алматы ЖЭО-2 шығарындылары 15 есе қысқарады

Алматы, BAQ.KZ. Алматыда қоғамдық тыңдаулар өтіп жатыр, мұнда қала тұрғындарымен Алматы ЖЭО-2 нысанын жаңғырту жобасын іске асыру кезіндегі қоршаған ортаға әсерді азайту мәселелері талқылануда.

Жобаны іске асыруға және станцияны газға ауыстыруға байланысты негізгі аспектілер қаралды. Яғни, ЖЭО-2 газға ауыстырылғаннан кейін атмосфераға шығатын зиянды заттар қаншалықты төмендемек? Қазіргі уақытта ЖЭО-2 түтін құбырларынан тарайтын зиянды шығарындылар есептік деректер бойынша жылына 36,7 мың тоннаны құрайды екен, жаңғыртудан кейін олар жылына 2,3 мың тонна болмақ. Яғни, қала атмосферасындағы ЖЭО-2 шығарындылары 15 еседен астам шамаға қысқаратын болады.

ЖЭО-2 алаңында жаңа электр станциясын салу үшін қолданыстағы өнеркәсіптік алаңының 17,5 га (жалпы ауданы - 91 га) пайдаланылатын болады. Отын ретінде табиғи газды пайдаланған жағдайда ЖЭО-ның көмір қоймасы, отын беру және көмірді түсіру жүйесі сияқты көп аумақты алатын құрылыс жайлары қажетсіз болып қалмақ.

Бұған қоса, сумен жабдықтау, жылу мен электр энергиясын тарату үшін қолданыстағы инфрақұрылым пайдаланылатын болады, әсіресе мегаполистің қазіргі тығыз қалыптасқан құрылымын ескерген жағдайда ЖЭО-2-нің өз алаңында электр станциясын салу өте маңызды шешім деуге болады.

ТЭН құжаттарының негізгі техникалық шешімдеріне сәйкес жобаны іске асырғаннан кейін ЖЭО-2-нің қолданыстағы құрғақ күл үйіндісін қайта қажетке жаратуға болады. Егер тұтынушы болса, күлді қолдануға болады. Ескі станция жабдықтары да сақталады.

Жария тыңдаулар ҚР Экологиялық кодексіне сәйкес ұйымдастырылды, шара жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне (ТЭН) Тапсырыс беруші – «АлЭС» АҚ, ТЭН құжатын әзірлеуші – «ҚазЭнергоӨнеркәсіптікҒЗЖІ» институты» АҚ қатысуымен және Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасы өкілінің төрағалығымен өтуде.

Өзгелердің жаңалығы