Алматы жастары электр самокатқа қатысты заң жобасымен келіспейді

13 Мамыр 2023, 12:13
1581
Бөлісу:
Алматы жастары электр самокатқа қатысты заң жобасымен келіспейді
Фото: автордан

Елімізде электр самокатпен жүретіндерге қатысты бірқатар заң қабылданды. Аталған заң жобасына мамандар мен тұрғындар өз арыз-шағымдарын жеткізді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі. 

Алматы қаласында өткен жылы тұрғындар самокатпен 7 миллион рет жүрген. Биыл бұл көрсеткіш 12 миллионға жетуі ықтимал екендігі болжанған. Дегенмен жаңа заң жобасына сәйкес көрсеткіштер төмендеуі мүмкін. 

Біз жолдарда кәмелет жасына толмаған жастардың самокат айдап жүретінін жиі байқаймыз. Мен өз басым жаяу жүргіншілер жолында самокатпен жүруді мүлдем құптамаймын. Себебі ол жаяу жүруге арналған жолақ. Самокатшыларға Алматы қаласының Шевченко көшесіндегідей машина жолағынан жеке жол берілуі керек. Адамдар тротуарларда сағатына 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен жүреді деп ойламаймын. Жеке самокаты бар адам заң бұзса, оны анықтап табу қиынға соғады. Ал самокаттарды жалға беретін компаниялардан анықтауға мүмкіндік бар. Аталған заң жобасы бірден аса қояды деген ой жоқ. Дегенмен уақыт өте келе заң жобаларына халық бағынады деген үміттемін. Қазіргі уақытта біздің ұжым заң бұзған адамдарды анықтайтын бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Ол жайында кейінірек хабардар бол жатарсыздар, – дейді «Ортақ жол» жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығының президенті Арсен Шақуов.

Алматы жастары электр самокатқа қатысты заң жобасымен келіспейді

Қала тұрғындарының пікірінше, жаңа заң жобасында түсініксіз жайттар жетерлік.

Меніңше бұл заң ертерек қабылдануы керек еді. Бұндай заң Германия, Ұлыбритания, Франция сынды батыс елдерінде осыдан 3-4 жыл бұрын енгізілді. Бірақ заңда түсінбейтін, келіспейтін тұстар бар. Мәселен, енді электр самокат жүргізгенде арнайы каска тағу міндетті. Мен касканы әрдайым жанымда ұстауым керек пе? Электр самокаттарды жалға беретін жауапты компания каскамен қамтамасыз етуі керек деп ойлаймын. Енді бір мәселе көлік жүргізу куәлігі бар адам ғана электр самокатты жүргізе алады. Меніңше, бұдан гөрі электр самокатты жүргізгенде құлаққапты қолданбау, жаяу жүргіншілер жолағында құрылғыдан түсіп, жанында ұстап өту, электр самокатты көше бойында тастамауға байланысты заң толықтырылып, айыппұл белгіленуі керек деп ойлаймын, – дейді Бекболат Мұратұлы. 

Алматы жастары электр самокатқа қатысты заң жобасымен келіспейді

Қала жастарының пікірінше, бұл заң өте қатаң. Олар самокатты көбіне қызық үшін 1 сағатқа жетпейтін уақыт айдайтындарын айтады. Ал жүргізуші куәлігін алып жүруге көбісінің жағдайы, уақыты жетпейді.

Жаяу жүргіншілер жолағында мопедпен жүргендерді де көзіміз шалады. Олар жылдамдықты асырып жүреді. Неге оларға заң қабылдамасқа?!. Менің ойымша, самокатты күнделікті қолданатындар жүргізуші куәлігін алмаса, жастардың шамасы келмейді. Онсыз да самокатқа отырғанға 1 сағатқа 4000 тг кетеді. Бұл кімнің болмасын қалтасына ауыр. Студенттер, оқушылар самокатты тек қызық үшін айдайды. Сол себептен бұл заң тым қатал деп ойлаймын, – дейді Ақбота Нұрмолда есімді студент.

Өзгелердің жаңалығы