«Алматы жастары» бағдарламасының бюджеті 20 млрд теңге болды

12 Мамыр 2023, 15:00
1110
Бөлісу:
«Алматы жастары» бағдарламасының бюджеті 20 млрд теңге болды

Биылғы жылы «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 17 млрд теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 млрд теңгеге артық, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сондай-ақ, «Отбасы банкінің» өз қаражатынан тағы 3 млрд теңге бөлінді. Тұрғын үй бағдарламасымен кемінде 1100 адамды қамту жоспарлануда. Өтінімдерді қабылдау 15 мамырдан басталады. Өтінімдерді қабылдау туралы ӨКҚ-нің брифингінде коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев егжей-тегжейлі баяндап берді.

«Алматы жастары» бағдарламасының бір ерекшелігі қатысушыларға бастапқы және екінші нарықтан тұрғын үйді өз бетінше таңдауы үшін төмен пайыздық мөлшерлемемен тұрғын үй несиелері берілуде. Қала жастары тарапынан үлкен сұраныс пен жоғары қызығушылықты, сондай-ақ өткен жылдардағы қатысушылардың санын ескере отырып, бағдарлама биыл да өз жалғасын таппақ. Айта кетсек, 2022 бағдарламасы бойынша 1097 отбасы баспанаға ие болды, - деді Қырықбаев.

Баяндамашы бағдарлама бойынша несиелендіру шарттарын нақты атап берді:

- несиенің максималды сомасы 18 миллион теңгеге дейін;

- сыйақы мөлшерлемесі – 5%;

- бастапқы жарнасы – 10%;

- бастапқы және қайталама тұрғын үй алу мүмкіндігін қамту – кемінде 1100 адам болады.

Айта кету керек, «Алматы жастары» бағдарламасына келесі бағыттар бойынша бюджеттік ұйымдардың сұранысқа ие мамандықтағы сала қызметкерлері қатыса алады:

1. білім саласы,

2. денсаулық сақтау,

3. университет және ғылыми-зерттеу институттары,

4. мәдениет

5. спорт,

6. журналистер,

7. әлеуметтік сала қызметкерлері,

8. құқық қорғау органдарының қызметкерлері,

9. қалалық коммуналдық қызметтердің қызметкерлері.

Үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар:

1. Қазақстан Республикасының азаматтығы,

2. Қатысушының жасы 35 жасқа дейін (қоса алғанда),

3. Бағдарламаға өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында тұрғын үйінің болмауы;

4. Міндетті зейнетақы жарналары болған кезде, Алматы қаласында, жекелеген облыстарда кемінде 6 ай лауазымдық жұмыс өтілі болуы шарт.

Қатысушылар өтінім мен құжаттарды арнайы www.almaty-zhastary.kz сайтында ЭСҚ арқылы тапсыруы қажет.

Сондай-ақ біз қатысушылардан веб-сайттағы бағдарламаның шарттарымен мұқият танысуды және веб-сайтта көрсетілген тізімге сәйкес барлық қажетті құжаттарды тіркеуді сұраймыз (веб-сайттағы бейне нұсқаулық). Барлық сұрақтар бойынша Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасына +7 (727) 225 14 57 телефоны арқылы хабарласуларыңыз қажет, - деді Қырықбаев.

Толық ақпаратты www.almaty-zhastary.kz сайтынан алуға болады.

Сондай-ақ ол, биыл Алматы қаласы әкімінің тапсырмасымен бағдарлама аясында жас мұғалімдер мен дәрігерлерге тағы 100 қарызға лимит ұлғайтылғанын атап өтті (мұғалімдерге - 50, дәрігерлерге – 50).

Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы өтініштерді қабылдау мерзімі өткен күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде ұпайларды есептеп, негізгі және резервтік тізімдерді, сондай-ақ қабылданбағандардың тізімін іріктеп қалыптастырады. Жинаған ұпай санына қарай төлем қабілеттілігін бағалау үшін «Отбасы банкіне» жолдама береді.

Негізгі және резервтік тізімге енгізілген қатысушылардың тізімдері, сондай-ақ қабылданбағандар тізімі www.almaty-zhastary.kz сайтында орналастырылған.

Өтініштер мен құжаттарды қабылдаудың бүкіл кезеңі ішінде бағдарламаға қатысушылардың ұсынылған өтінімдерін өңдеу, өзгерту, толықтыру мүмкіндігі бар. Департамент қатысушыларды іріктеу рәсіміне қоғамдық бірлестіктер мен БАҚ өкілдерін де тартып, қатыстырып отырады.

Бағдарламаға қатысу үшін қажетті құжаттар:

Өтінім берген кезде 10 күнтізбелік күннен ерте емес берілген құжаттар қарауға қабылданады:

1) неке қию, бұзу туралы куәлік;

2) балалардың туу туралы куәлігі;

3) өтініш беруші мен барлық отбасы мүшелеріне ЕГОВ-тан алынған Қазақстан бойынша жылжымайтын мүліктің болмауы (болуы) туралы анықтама;

4) ЕГОВ-тан алынған соңғы 6 айдағы зейнетақы аударымдары туралы үзінді көшірме;

5) жұмыс орнынан ұйымның/мекеменің фирмалық бланкісінде анықтаманың берілген күні, шығыс нөмірі, жұмысқа тұрған күні мен қызметтік лауазымы көрсетілген анықтама.

6) Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын құжаттар (еңбек кітапшасының сканері);

7) БАҚ-қа есепке қою куәлігі (аталған талап тек журналистер саласы бойынша қатысушыларға қатысты).

Өзгелердің жаңалығы