Алматыдан Варшаваға тікелей рейстер ашылады. Бағытты Польшаның ұлттық тасымалдаушысы LOT Polish Airlines іске қоспақ.
31 мамырдан бастап LOT Polish Airlines әуе компаниясы Алматы – Варшава бағыты бойынша тікелей рейстерді бастайды. Ұшақтар аптасына төрт рет Boeing 737 MAX лайнерлерімен қатынайды.
Жаңа бағыт Қазақстан мен Еуропа арасындағы әуе қатынасын ыңғайлы етуге мүмкіндік береді. 1 маусым күні Алматыға польшалық туроператорлар мен тревел-блогерлерден құралған делегация келеді. Қонақтарға қаланың көрікті жерлері мен Іле Алатауындағы демалыс орындары таныстырылады.
Польша туризм индустриясының өкілдері Алматыдағы туроператорлар және бизнес қауымдастықпен кездесіп, бірлескен жобалар мен болашақ ынтымақтастық мәселелерін талқылайды.
Бұған дейін қазақстандық FlyArystan лоукостері Қытайға жаңа рейс ашылатынын хабарлаған еді. Рейстер Ақтау – Үрімші – Ақтау бағыты бойынша орындалады.