Алматы тауларында жаз мезгілінде құтқарушылардың жұмысы айтарлықтай көбейген. Кей күндері құтқару қызметі тауға бір рет шықса, кей жағдайда тәулігіне 3-4 рет шақыртуға аттанады. Бұл туралы ҚР ТЖМ «Барыс» республикалық құтқару қызметі» РММ құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Павел Воскобойников мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, өткен жексенбі күні құтқарушылар төрт рет тауға шығуға мәжбүр болған. Кейбір жағдайда мамандар бір оқиға орнына бара жатқан кезде жаңа шақырту түсіп, бағыттарын өзгертуге тура келеді.
Топтарымыз өткен жексенбіде төрт рет тауға шықты. Кейде базаға жетпей жатып-ақ жаңа оқиға туралы хабарлама келіп түседі. Сонда құтқарушылар басқа бағытқа бұрылып, кезекті көмек көрсетуге аттанады, – деді ол өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.
Құтқарушының сөзінше, биыл тауға демалуға баратындардың саны артқан. Бұған кейбір аквапарктердің жабылуы және суға түсуге болмайтын көлдердің көп болуы әсер еткен.
Адамдардың басым бөлігі жазда демалатын, салқындау жер іздейді. Мұндай орындардың бірі – таулар. Бірақ адамдар таудың демалыс орны ғана емес, күрделі әрі қауіпті орта екенін түсінуі керек, – деді Павел Воскобойников.
Маман әсіресе кәмелетке толмаған жасөспірімдердің тауға жиі шығатынына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, құтқарушылардың назарына жиі ілігетіндердің қатарында 14-16 жас аралығындағы балалар көп.
Жасөспірімдер өздерін дайынбыз, ересекпіз деп ойлайды. Алайда олар әлі де кәмелетке толмаған балалар. Сондықтан ата-аналар балаларының қайда жүргенін бақылап, олардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы қажет, – деді құтқарушы.
ТЖМ өкілдері тауға шығуды жоспарлаған азаматтарға бағытты алдын ала жоспарлап, ауа райын бақылауға, қажетті жабдықтарды алуға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға кеңес береді.
Айта кетейік, бұған дейін құтқарушылар туристер тауда жиі жіберетін қателіктер туралы айтқан болатын.