Алматы құтқарушылары Іле Алатауында адасқан туристерді тапты

28 Наурыз 2023, 01:50
820
Бөлісу:
Алматы құтқарушылары Іле Алатауында адасқан  туристерді тапты
Фото: zakon.kz

2023 жылғы 26 наурызда сағат 23:32-де Алматы ТЖД кезекші-диспетчерлік бөліміне «Аюсай» шатқалы мен сарқырамасының аумағында тауда ер адам және әйел адам жоғалып кетті деген хабарлама келіп түскен, деп хабарлайды BAQ.KZ Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

Туристер қайтар жолда адасып, қараңғыда төменге түсе алмаған. Олар өзі көмек сұрап хабарласқан.

Адасқандардың орналасқан жері туралы мәлімет Алматы әкімдігі құтқару қызметінің жедел кезекшісіне жіберілді. 4 құтқарушы бір техникамен іздеу-құтқару жұмыстары орнына жолға шықты. Іздеу орнына келген кезде адамдардың іздері болған жоқ, аталған жерде аз көлемді көшкін болды, - дейді құтқарушылар.

Арада бір сағат өткеннен кейін жоғалған ер адам ТЖД кезекші бөліміне қайта қоңырау шалып, олар жолды тауып, көтеріле бастағандарын хабарлаған, сөйтіп байланыс қайтадан үзілген. Түнгі сағат 4:20-да «Аюсай» шатқалына қосымша құтқару қызметінің және КСП «Тұйық-Су» 7 құтқарушысы мен 2 бірлік техникасы жіберілген. Туристер қайта байланысқа шықпаған. 

06.00-де ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының 7 адамнан құрылған жедел тобын, оның ішінде бір кинологиялық есепті іздеуге жіберу туралы шешім қабылданды. Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары спутниктік байланыспен жарақталған. Космостанцияға келген Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары шатқалдан төмен қарай іздеу жұмыстарын жүргізе бастады. Тәуліктің қараңғы уақытында, қауіпті тік беткейлермен, төменгі температурада жоғалған туристерді іздеу жұмыстары тоқтаған жоқ, - деді Алматы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Іздеу жұмыстары таңда да жалғасып, сағат 09:57-де құтқару қызметінің іздестіру тобы туристерді таудың жотасындағы бірінші сарқырамадан жоғары орналасқан «Аюсай» шатқалынан тапты. Зардап шеккендермен визуал байланыс орнатылды. Содан кейін құтқару операциясы жалғастырылды. Тік беткейлер мен қардың көптігі жұмысты қиындатты.

Сағат 15:45-те құтқару қызметінің құтқарушылары мен Республикалық жедел-құтқару жасағының жедел тобы зардап шеккендерді Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлер бригадасына жеткізді. Зардап шеккендер медициналық көмекке мұқтаж емес.

Өзгелердің жаңалығы