Алматы полициясы тұрғындардың құқық қорғау органдарының оқиға орнына кеш жететіні туралы шағымдарына жауап беріп, патрульдік экипаждардың жұмыс тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, «102» арнасына түскен шақыртуларға полиция қызметкерлері мүмкіндігінше жедел әрекет етеді. Негізгі стандарт бойынша патрульдік полиция оқиға орнына 3-5 минут ішінде жетуі тиіс.
Патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлар шақыртудың деңгейіне қарамастан жедел әрекет етеді. Әдетте қызметкерлер 3-5 минут ішінде келеді. Дегенмен кей жағдайда шақыртулардың көптігіне байланысты кідірістер болуы мүмкін. Мұндай жағдайлар анықталса, біз әрбір факті бойынша жеке тексеру жүргіземіз, – деді Әзірбек өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында.
Полиция мәліметінше, тәулігіне «102» пультіне шамамен 3 мың қоңырау мен хабарлама түседі. Оның ішінде қылмыстық оқиғалардан бөлек, ақпараттық-анықтамалық сипаттағы өтініштер де бар.
Тәжірибе келіп түсетін қоңыраулардың шамамен 20 пайызы анықтамалық сипатта болатынын көрсетіп отыр. Соған қарамастан барлық хабарлама тіркеліп, өңделеді және назардан тыс қалмайды, – деді ресми өкіл.
Сонымен қатар полиция ауыр және аса ауыр қылмыстар туралы хабарламаларға басымдық берілетінін атап өтті. Осындай жағдайларда жақын маңдағы экипаждар ең алдымен қауіптілігі жоғары оқиғаларға жіберіледі.
Полицияның айтуынша, оқиға орнына патрульдік экипаж келгеннен кейін азаматтарға қажетті көмек көрсетіледі. Ал тергеу әрекеттері қажет болған жағдайда қосымша тергеу-жедел тобы шақырылады. Ведомство өкілдері әрбір шақырту міндетті түрде қаралатынын және ешбір хабарламаның жауапсыз қалмайтынын мәлімдеді.