Алматы полициясы қаржы пирамидасының құрбандарын іздеуде

8 Мамыр 2021, 00:19
1684
Бөлісу:
Алматы полициясы қаржы пирамидасының құрбандарын іздеуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы полициясы «ASTEX.KZ» ЖШС, «ACD technology» ЖШС ұйымдастырған қаржы пирамидасының құрбандарын іздеуде, деп хабарлайды Polisia.kz. 

2021 жылы 27 сәуірде бір топ адамдар Алматы қалалық ПД-не қаржылық пирамида құру және басқару фактісі бойынша «ASTEX.KZ» ЖШС, «ACD technology» ЖШС шенеуніктеріне қатысты ұжымдық өтінішпен жүгінді (ҚР ҚК-нің 217 бабы). 

Сотқа дейінгі тергеу барысында 2019 жылдың ақпанынан бастап 2021 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта аталған ЖШС-нің лауазымды тұлғалары жеке және заңды тұлғалармен мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін қажет делінген қаражатты тарту бойынша бірлескен қызмет туралы шарт жасасқаны анықталды. Екіжақты құжатқа сәйкес, фирмалар ай сайын әр салымшыға аударылған соманың 20% төлеуі керек болатын. Сонымен қатар «ASTEX.KZ» ЖШС-де 160 салымшының бір миллиард теңгеге жуық қаражаты басқа компаниядан «MUDARABAN CAPITAL» ЖШС арқылы түскені анықталды. Сондай-ақ «ASTEX.KZ» ЖШС мен «ACD technology» ЖШС-не басқа да компаниялар арқылы салымшылардан ақша ағындары аударылғаны белгілі болды, – деді Алматы қалалық полиция Департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдрахманов. 
Қаржы пирамидасын құру және басқаруды ұйымдастырған, бұрын ҚР ҚК-нің 311-бабы (Порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз тарату) бойынша сотты болған, 1982 жылы туған К. және 1974 жылғы М. күдікті болып табылады. Оларды ұстау бойынша жедел-тергеу іс-шаралар кешені жүргізілуде. Сот «ASTEX.KZ» ЖШС мен «ACD technology» ЖШС заңды мекен-жайларында тінту жүргізу туралы қаулы шығарды. 
Жоғарыда аталған ЖШС басшыларының қылмыстық әрекеттерінен зардап шеккен басқа тұлғаларды анықтау үшін азаматтарға жүгінудің процедуралық қажеттілігі бар. Осы мақсатта біз зардап шеккендердің көмек сұрап хабарласа алатын телефондарын хабарлаймыз: 8-778-375-16-00 және 8-775-594-42-00, – деп түйіндеді Р. Әбдрахманов.


Өзгелердің жаңалығы