Алматы онкология орталығында роботтандырылған дәріхана кешені және дәрілік препараттарды жабық герметикалық жағдайда сұйылту жүйесі енгізілді.
Жаңа технология дәрі-дәрмекті қабылдау, сақтау, сұйылту және пациентке беруге дейінгі негізгі процестерді автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Әр препаратқа арнайы код арқылы жеке цифрлық сәйкестендіру беріледі. Дәрілік затпен жасалған барлық әрекет жүйеде тіркеліп, оның орталыққа түскен сәтінен пациентке берілгенге дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.
Жүйе дәрілік препараттардың дозасын дәл сақтауға, қателік қаупін азайтуға және дәрі-дәрмекті дайындау процесінің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Қазір Алматы онкология орталығында 38 мыңнан астам пациент диспансерлік есепте тұр. Жыл сайын 27 мыңнан астам адам медициналық көмек алады. Соңғы сегіз жылда көрсетілген емдеу қызметтерінің көлемі 2,5 есе өскен.
Сонымен қатар пациенттердің бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 46%-дан 75%-ға дейін артқан.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, дәріхана процестерін цифрландыру онкологиялық көмектің қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.