Ресей мен Моңғолия шекарасында оба ошағының белсенділігі артты

Табиғи ошақтың аумағы шамамен 29 мың шаршы шақырымды құрайды, оның 40 пайызы Ресей аумағында орналасқан.

 pixabay 5 Қыркүйек 2026, 20:20
5 Қыркүйек 2026, 20:20
171
Фото: pixabay

Ресейдің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және адам әл-ауқатын бақылау жөніндегі федералдық қызметі (Роспотребнадзор) Ресей мен Моңғолия шекарасындағы Сайлюгем табиғи оба ошағында жоғары эпизоотиялық белсенділік тіркелгенін хабарлады.

2026 жылы жүргізілген зертханалық зерттеулердің нәтижесінде (200-ден астам далалық материал сынамасы зерттелді) оба ошағының, оның ішінде Ресеймен шекаралас аумақтағы, жоғары эпизоотиялық белсенділігі расталды, – делінген ведомство хабарламасында.

Сайлюгем табиғи оба ошағы шамамен 29 мың шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Оның шамамен 60 пайызы Моңғолияда орналасқан.

Роспотребнадзор өкілдері моңғолиялық мамандармен бірлесіп табиғи ошақтың жағдайын бақылап, халыққа вакцинация жүргізіп жатқанын атап өтті.

Роспотребнадзордың обаға қарсы мекемелері оба ауруының алдын алу, табиғи ошақтардың белсенділігін бақылау, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша халықты вакцинациялау және профилактикалық іс-шараларды жүргізу бағытындағы жүйелі жұмыстарын жалғастыруда, – деп хабарлады ведомство.

Обаның табиғи ошағы деп инфекция қоздырғышы адамға тәуелсіз түрде жабайы жануарлар арасында тұрақты айналымда болатын аумақты айтады.

2023 жылы Моңғолияның 17 аймағында, соның ішінде Ресей және Қытай шекараларына жақын аумақтарда, обаның 137 табиғи ошағы анықталған болатын.

Сол кезде мамандар жануарлар қысқы ұйқысынан шыққаннан кейін оба қоздырғышын тасымалдаушы саршұнақтар мен Сібір суырларының белсенділігі артуы мүмкін екенін ескерткен.

Роспотребнадзор бұған дейін Ресейде 2017 жылдан бері адам арасында оба ауруын жұқтыру жағдайы тіркелмегенін хабарлаған.

Наверх