Алматы облысының орталығын газдандыру жалғасып жатыр

10 Маусым 2020, 01:46
1260
Бөлісу:
Алматы облысының орталығын газдандыру жалғасып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Талдықорған қаласындағы газ тарату жүйесі құрылысының жобасы IV кезеңге бөлінген, 54 мың абонентті қамтиды. Жобада 22 қосу кешені, 926 км түрлі қысымдағы газ құбыры, 251 газ реттегіш блокты және шкафты пункт, 16,2 мың бірлік шкафты пункт бар, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қаланы газдандыру жобаларының барлығы тиісті нормалар мен талаптарға сәйкес дайындалған, дегенмен газ құбырын жүргізу мәселесінде азаматтарда көптеген сұрақтар туындап жатады. Осы материалда мамандар ең жиі қойылатын сұрақтарға жауап береді.

Мысалы, талдықорғандықтар неліктен газ құбыры үй қабырғасының бойына және балконды айнала төселетінін білгісі келеді.

Құрылыс нормаларына сәйкес ғимараттарға газ құбырын кіргізу барысында ғимараттың қабырғасына және тірегіне төселген төмен қысымды жер үсті газ құбырын есіктің және терезенің ойықтарынан кемінде 0,5 м қашықтықта орналастыру керек. Көбіне газ құбырлары бұрылыстарында бұрыштар болады, өйткені газ құбырлары жолында кездесетін беларқа, вентканал, кіреберіс күнқағары, ғимараттың жекелеген блоктарының арасындағы биіктік айырмашылығы сияқты кедергілерді айналып өтіп, ғимарат қабырғаларына бекітіледі.

Көп пәтерлі үйлерге тартылатын газ құбырының диаметрі де өзекті саналады.

Газ құбырының диаметрі гидравликалық есептеу тәсілімен анықталады және тұтынушы санына, газ құбырының ұзындығына байланысты.

Кейбір үйлерде газ құбыры тіректерге төселген, бұл факт та заң бұзушылық емес. Жалпы газ құбырлары ғимараттың іргелі қабырғасына бекітіледі, бірақ тұтас әйнекпен қапталған балконы бар үйлерде құбырды ғимараттың іргелі қабырғасына бекіту мүмкін емес, сондықтан мұндай жерлерде нормаға сәйкес газ құбыры жанбайтын материалдардың тіректерінде монтаждалады.

Мамандардың айтуынша, балалар мекемесінің, ауруханалар мен мектептердің, санаторилердің, түрлі қоғамдық, әкімшілік ғимараттардың, халық көп жиналатын тұрмыстық ғимараттардың қабырғалары мен шатырларына барлық қысымдағы газ құбырларын транзиттік төсеуге жол берілмейді.

Атап өтсек, 2016 жылдан 2020 жылға дейін Талдықорғанда 1-ден 19-ға дейін іске қосу кешендері салынып іске қосылды, газға қосылуға 51,2 мың абонент мүмкіндік алды, бүгінгі күнге соның ішінде 11,0 мыңнан астам абонент газға қосалды. Облыс орталығын газдандыру жалғасуда, 20 іске қосу кешенінде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Барлық құрылыс-монтаж жұмастарын тиісті жұмыстарды атқаруға арналған лицензиясы бар мердігер ұйымдар жүзеге асыруда. Бұл ұйымдар әлеуметтік жеткізушіден талап етілетін біліктілік талаптарының негізінде мемлекеттік сатып алудың ашық конкурсы арқылы анықталған. 

Жұмыстар дайындалған жобаға сәйкес жүргізіледі, авторлық, техникалық қадағалаулар негізінде бақыланады. Газ жүйесіне қызмет көрсету және оны іске қосу мақсатында 2014 жылы облыс әкімдігі мен "ҚазТрансГаз" АҚ арасында меморандум жасалған, соған сәйкес "ҚазТрансГаз-Аймақ" ЖтПФ 136 білікті қызметкерін тарта отырып, апаттық қызмет құрған.

Өзгелердің жаңалығы