Алматы облысының аумағында карантиндік шаралар күшейтіледі

9 Маусым 2020, 09:00
2159
Бөлісу:
Алматы облысының аумағында карантиндік шаралар күшейтіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысының аумағында карантиндік шараларды күшейту туралы облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігерінің жаңа қаулысы шықты. 

Бұл қаулы облыс аумағында СOVID-19 сырқаттанушылығының 5,5% өсуіне байланысты қабылданды. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қаулыға сәйкес өңірде карантинді жалғастыру, және Алматы облысының эпидемиологиялық қолайсыз жағдайлары орын алған аудандары мен қалаларында карантинді шараларды күшейту енгізілді. Атап айтқанда, Қапшағай қаласы мен Іле ауданының әкімдеріне Қапшағай қаласындағы Қапшағай су қоймасының жағалауындағы демалыс аймақтарына және Іле ауданының Жетіген ауылдық округіне апаратын автожолда мобильді бекеттердің жұмысы қмтамасыз ету міндеттелді. Қапшағай қаласында қоғамдық тамақтану нысандардың жұмысы 30 орынға дейін қысқартылып, жұмыс кестесіне сағат 23:00-ге дейін шектеу енгізілді, СПА орталықтарының, сауналардың, моншалардың жұмыс уақыты сағат 21:00-ге дейін шектеледі, - делінген хабарламада.

Сол сияқты Талдықорған қаласында да шектеулер жалғастырылады. Саябақтардың, бассейндердің жұмысы тоқтатылады, фонтандар өшіріледі, азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың жұмыс уақыты сағат 15:00-ге дейін, сауда үйлерінің (орталықтардың) жұмыс уақыты сағат 17:00-ге дейін, қоғамдық тамақтану нысандардың жұмыс уақыты сағат 23:00-ге дейін шектеледі.

Облыс аумағында әлеуметтік қашықтықты және күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, мемлекеттік органдардың (ұйымдардың), ұлттық компаниялардың, басқа да кеңселердің жұмысы жалғасады, бұл ретте қызметкерлердің кемінде 80% қашықтықтан жұмыс нысанында қалады (штат кестесінде 30-дан астам қызметкер).

Сол сияқты облыс тұрғындарына жабық үй-жайларда ойын-сауық, бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, еске алу іс-шараларын, сондай-ақ спорттық іс-шараларды өткізуге, барлық жерде, оның ішінде қоғамдық көлікте бетпердесіз жүруге тыйым салынады.

Әрбір рейстің алдында қоғамдық көлікті, әуежайларды, теміржол және автовокзалдарды, супермаркеттерді, базарларды, қоғамдық көлік аялдамаларын (күніне кемінде екі рет), жерүсті және жерасты жаяу жүргіншілер өтпелерінің таяныштарын, спорттық снарядтарды, балалар және спорт алаңдарын, орындықтар мен сәкілерді, банкоматтарды, банк терминалдарын, POS-терминалдарды жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып өңдеу талап етіледі, - делінген хабарламада.

Карантин кезінде жұмыс істейтін барлық нысандар санитариялық және дезинфекциялық режимдерді сақтауға міндетті. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы өңірдегі провизорлық және карантиндік стационарлардың жұмысын қатамасыз етуге, барлық денсаулық сақтау ұйымдарында пациенттердің барлық легінің дене қызуын өлшеу үшін тепловизорлармен қамтамасыз ете отырып, шлюздер ұйымдастыруға, COVID-19-ға жедел тестілеу жүргізу үшін үй-жайлар бөлуге және жарақтандыруды қамтамасыз етуге, COVID-19-ға жедел тестілеуге арналған жедел медициналық жәрдем бригадасын жарақтармен қамтуға және басқа да тиісті шараларды атқаруға тиіс.

Аудандық, қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармалары COVID-19-дың әрбір жағдайын эпидемиологиялық тергеп-тексеруді, байланыста болған адамдарды анықтауды, COVID-19 науқастарының ошақтарында эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шаралар жүргізуді, карантин режимінің сақталуын бақылау шеңберінде азық-түлік дүкендерін және тамақ жеткізуді жүзеге асыратын қоғамдық тамақтану ұйымдарын қадағалауды жалғастырады.

Өзгелердің жаңалығы