Алматы облысындағы 89 қазандықты жаңғыртуға 3,5 млрд теңге қажет

Өңірлердегі шағын қазандықтар ЭКСЖ ұлттық жобасына қосылуы мүмкін.

 ©BAQ.KZ коллажы 20 Қараша 2026, 20:30
20 Қараша 2026, 20:30
78
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда қаржылық жағдайы күрделі шағын коммуналдық кәсіпорындарды «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасы аясында қолдау мәселесі қарастырылып жатыр. Мәселен, Алматы облысындағы «Алматы Энергожылу» компаниясына қазандықтарды жаңғырту үшін шамамен 3,5 млрд теңге инвестиция қажет. Бұл мәселені «Қазақстандық электр энергетикалық қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Талғат Темірханов Қоғамдық кеңес отырысында көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, өңірлердегі шағын коммуналдық кәсіпорындардың қаржылық мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, олар инфрақұрылымды өз бетінше жаңғырта алмай отыр.

«Мысалы, Алматы облысында Талғар, Есік, Шелек, Алатау қалаларында және Қарасай ауданында жұмыс істейтін “Алматы Энергожылу” компаниясы бар. Оның қарамағында 89 газ қазандығы жұмыс істейді. Жалпы жылу қуаты – 193 гигакалория, жылу желілерінің ұзындығы – 54 шақырым. Қазір жағдай өте күрделі. Кәсіпорынның жылыту маусымына дайындығы небәрі 21 пайызды құрайды. Жарғылық капиталы да аз. Қажетті инвестиция көлемі шамамен 3,5 млрд теңге. Кәсіпорын жоспарлы түрде залалмен жұмыс істеп отыр», – деді Талғат Темірханов.

Ол осындай қаржылық жағдайы күрделі коммуналдық кәсіпорындарды ЭКСЖ ұлттық жобасы аясында жеке қарастырып, оларға нақты қолдау көрсету қажет деп санайды.

Қанат Бозымбаев: Шағын кәсіпорындар несие тарта алмайды

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бұл мәселенің өзекті екенін айтып, өңірлердегі коммуналдық кәсіпорындарды ірілендіру қажеттігін жеткізді.

Оның сөзінше, әсіресе сумен жабдықтау саласында әр ауданда жеке-жеке жұмыс істейтін шағын коммуналдық кәсіпорындар көп. Олардың қаржылық мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, банктер мен өзге де қаржы ұйымдарынан несие алу қиын.

«Осындай коммуналдық кәсіпорындар өте көп. Мысалы, сумен жабдықтау саласында әр ауданда жеке кәсіпорындар бар. Олар өз бетінше ешқандай қарыз немесе несие тарта алмайды. Бірде-бір банк немесе қаржы ұйымы оларға қаражат бермейді. Сондықтан жыл соңына қарай кәсіпорындарды ірілендіру мәселесін қарастырамыз. Мүмкіндігінше облыстық деңгейге біріктіру керек. Ал кейбір өңірлерде кем дегенде екі-үш ірі аудандық кәсіпорын құруға болады», – деді Қанат Бозымбаев.

Вице-премьердің айтуынша, мұндай тәсіл коммуналдық кәсіпорындардың қаржылық әлеуетін арттырып, инфрақұрылымды жаңғыртуға қажетті инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ ол Түркістан облысында кәсіпорындарды ірілендіру жұмыстары басталғанын атап өтті.

Бозымбаев Алматы облысындағы жағдайға да тоқталды. Оның сөзінше, соңғы төрт жылда өңірдің коммуналдық инфрақұрылымын жақсарту бағытында жұмыстар жүргізілген. Қазір жаңа әкім өңірдегі жағдайды зерделеп, жұмыс тобын қалыптастырып жатыр.

Айта кетейік, ЭКСЖ ұлттық жобасы 2025-2029 жылдарға арналған. Оны іске асыру аясында шамамен 13 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланған. Жобаның негізгі мақсаты – энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртып, инженерлік желілердің тозуын азайту.

Наверх