Алматы облысының Қарасай ауданында құтқарушылар Сәтбаев шыңы маңында (теңіз деңгейінен шамамен 4300 метр биіктікте) жоғалып кеткен туристі тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ер адам алты адамнан тұратын топтың құрамында болған. Алайда ол кері оралмай, байланысқа шықпай қалған. Алдын ала мәлімет бойынша, ол бағдарсыз әрі байланыссыз жоғары таулы аймақта қалып қойған.
Іздестіру жұмыстарына бірден ҚР ТЖМ-нің «Барыс» республикалық құтқару қызметінің мамандары мен Алматы қаласы ТЖД қызметкерлері кірісті. Құтқару жұмыстары таулы жерде және қараңғы уақытта, күрделі жағдайда жүргізілді.
Турист «Качели» деп аталатын аумақта, Советов шыңының етегінен табылды. Оның жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды, медициналық көмек қажет болған жоқ. Құтқарушылар ер адамды биіктіктен түсіріп, қауіпсіз жерге жеткізді.