Алматы облысында қант тапшылығы жоқ – әкімдік

13 Наурыз 2022, 20:52
1438
Бөлісу:
Алматы облысында қант тапшылығы жоқ – әкімдік

Алматы, BAQ.KZ. Сауда желілері мен тұрақтандыру қорларының қоймаларында қант қоры жеткілікті және аймақта бұл өнімнің тапшылығы жоқ. Бұл туралы Алматы облысының әкімдігі хабарлады.

Әкімдік сондай-ақ елдегі жағдайға байланысты қате ақпараттарға сүйеніп, дүрлікпе жасамауды сұрады.

Өңірде тәтті өнімнің келісі 275-370 теңгеден сатылып жатыр. Бағаны тұрақтандыру үшін алдағы күндері тағы 20 тонна қант әкелінеді және баға жоғарыда көрсетілген шекті нормадан аспайды. Бұл мәселе Алматы облысы әкімдігінің ерекше бақылауында және күнделікті мониторинг жүргізілуде. Жағдайды пайдаланып бағаны шектен тыс өсірген  сатушылар жауапқа тартылатын болады,-делінген хабарламада.

Сонымен қатар, кеше Ауыл шаруашылығы министрлігі және Сауда және интеграция министрлігі елде қант тапшылығы жоқ екенін хабарлаған. Ақпаратқа сүйенсек сауда желілері мен тұрақтандыру қорларындағы қант қоры кемі үш айға жетеді. Сонымен қатар қант өндірісі жалғасып жатыр, ол тоқтамайды. Қор толтырылып отырады. Яғни, үш айдан кейін қорлар таусылып, қант тапшылығы болады деген ақпарат шындыққа жанаспайды.
 

Өзгелердің жаңалығы